Ауыл шаруашылығы

Прокурорлар аудандарда ветеринария туралы заң талаптарының орындалмайтынын анықтады

 

Орын алған кемшіліктер шаш етектен. Олқылықтардың дені Есіл, Аққайың, Мамлют аудандарында тіркелген. Ондағы мал сою қосындары тиісті деңгейде жұмыс істемейді, қалаға жөнелтілетін еттерге берілетін ветеринарлық анықтамалар да жалған. Өнім тасымалдайтын көліктерде де тазалық жоқ. Облыс прокурорлары ветеринарлық талаптарды сақтау және оларды заңға сәйкес орындауда кемшіліктердің барлық аудандарда бар екендігін анықтаған. Олар ветеринарлық төлқұжат, мал сою қосынында бауыздалғанын растайтын және өнімді тасымалдауға берілетін анықтамаларға қатысты.Құжаттардың дені шындыққа жанаспайды.

 

Асылбек Қоңыратов ,СҚО  прокуратура басқармасының аға прокуроры:

-Кәсіпкерлердің арнайы мекемелермен мал сою қосындарын тазалау және дезинфекциялау туралы келісім-шарт жасаспағандығы туралы фактілер тіркелді. Тіпті мал сою қосындарында жұмыс істейтін еңбеккерлер киімдерінің өзі санитарлық талаптарға сай емес. Одан түрлі жұқпалы аурулар тарауы мүмкін. Алайда жауапты тұлғалар ондай жәйттарды ескермеген.

 

Ветеринар дәрігерлер де өз тараптарынан ағаттықтар жіберген. Оның дені жалған құжат толтыруға қатысты. Мәселен бір ауданда сойылған мал етіне келесі аудан ветеринары анықтама берген. Есіл ауданының мал дәрігері оқуда бола тұра бір мезетте ауылда сойылып жатқан төрт түлікке құжат толтырып отырыпты. Дайын өнімге соғылатын мөрлер де жалған. Ал ол еттер базарларда сатылуда.

 

Степан Зайтлер, облыс прокуроры:

-Рейдті бір апта жүргіздік. Осы аралықта ет тасымалымен айналысатындар сап тиылып, базар сөрелерінде өнімдер күрт төмендеді. Еттің сапасын, малдың санитарлық талаптарға сай сойылғандығын растайтын құжаттар жалған толтырылады. Оны тек прокурорлар ғана емес, бұл іске жауапты тұлғалар да қадағалауы керек. Сапасыз өнім адам өміріне қауіпті екендігін естен шығармағанымыз жөн.

 

Малдың сойылуын, өнімнің талаптарға сай екендігін қадағалау – аумақтық инспекцияның міндеті. Алайда аталмыш орган басшысы бұл бағыттағы заңның қиын екендігін айтып, оны орындау оңайға соқпай отырғандығын алға тартты.

 

Владимир Корабельников, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау облыстық аумақтық инспекциясының жетекшісі:

– Жоспарлы тексерісті біз бақылау және қадағалау органдары бекіткен талаптарға сай жүргіземіз. Бұл ретте жауапты тұлғаларға тексеруші адамға тексеріс парақшасын көрсетуі тиіс. Алайда ол құжат заңмен бекітілмеген.

 

Бірақ бұл жауап аталмыш инспекция тарапынан жіберіліп жатқан ағаттықтарға көз жұма қарауға негіз бермейді. Осыны атап көрсеткен облыстың бас прокуроры жағдайды түзетіп, құзырлы инспекцияның жұмысын бір ізге түсіру керектігін атап көрсетті. Себебі жалған құжатпен жұртқа сатылған сапасыз өнім адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

 

Самат Есмағи