Бизнес және экономика

Петропавл қалалық әкімдігі мереке алдында азық-түлік бағасына 15 пайыздан артық қоспауды тапсырды

 

Жаңа жыл қарсаңында мерекелік қарбалас та қызады, азық-түлік бағасына байланысты дүрлікпе де күшейеді. Дастарханды тәтті-дәмдіге толтырамын деген дүйім жұрт қалтасынан қағылмас үшін қалалық әкімдік қазір бағаның ауыздығын тартып отыр. Олар Петропавлдағы базарлар мен сауда үйлерін аптасына екі реттен аралап, бағаны байқайды. Бақылауға негізгі деген тауардың 33 түрі алынған. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, өткен аптада азық-түліктің құны өзгермеген, тек сүт пен айрандыкі сәл көтеріліпті.

Базарларда бүгінде жергілікті жерде өскен көкөністер сатылуда, бұл мереке күндері бағаны өсірмеуге септеседі дейді мамандар. Жиында инфляция жайы да сөз болды. Биыл оның деңгейі 3,7 пайызды құраған. Өткен жылға қарағанда төменірек. Бәрінен бұрын ішімдік пен темекі қымбаттапты. Статистика департаментіндегілер желтоқсан айындағы өзгерісті жария етті.

 

Ольга Перепечина, СҚО статистика департаментінің басшысы:

-2013 жылдың желтоқсан айында бірінші және жоғары сұрыпты ұнның бір келісінің құны шамамен 1-2 теңгеге көтерілгенін байқадық. Жылқы еті 3,1 пайызға, қойдыкі – 2,1 пайызға қымбаттады. Сонымен қатар, осы айда сүт өнімдерінің бағасы да жоғарылады. Мәселен, шикі сүт – 2 пайызға, пастерленген сүт – 1,7-ге, айран – 2,3, қаймақ – 1,9, ірімшік – 8 пайызға.

 

Статистика департаментінің мәліметі бойынша Жаңа жылдың қарсаңында, әсіресе, жеміс пен көкөніс, жұмырта қымбаттапты. Қиярдың құны, тіпті, 67 пайызға дейін өсіп кеткен. Жиынға бүгін сауда орындарының да өкілдері келген екен. “Южный” базарының меңгерушісі Симанас Шаханова бағаны ұстау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатқанын айтты.

 

Симанас Шаханова, “Южный” базарының меңгерушісі:

-Қияр мен қызанақтың құнын бақылауда ұстау қиынға соғуда. Өйткені, қазір оларды бізде ешкім өсірмейді. Ташкенттен әкеліп жатыр. Оларды сатып алу бағасы өскендіктен, әрине, бізде де шарықтайды.

Жиында басшылар саудагерлерге азық-түлікке көп дегенде 15 пайызға ғана қоса алатындарын жеткізді.

 

Данаш Хамзина