Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тікелей эфирде Шал ақын ауданының әкімі есеп берді

 

Шал ақын ауданы облыс аумағының 4,9 пайызын алып жатыр. Мұнда 20 мың 656 тұрғын түтін түтетіп отыр. Тікелей эфирде оқылған баяндамада әр салада өсім бар екені айтылды. Әлеуметтік дамуы жағынан аудан облыс бойынша 4-ші орынға тұрақтапты. Үстіміздегі жылдың қаңтар-қараша айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 млрд 909 млн. теңгені құрапты.

 

Марат Омаров, Шал ақын ауданының әкімі:

– Ауданның басым саласы агроөнеркәсіп кешені болып табылады. Ауылшарушалығында қаңтар-қараша айларында өнімнің жалпы өндіру көлемі 13 млрд 480 млн теңгені құрады. Жеке көлем көрсеткіші 127 пайыз. Оның ішінде жеке көлем көрсеткіші мал өсіруде 103 пайызды, өсімдік өсіруде 137 пайызды құрайды.

 

Биыл 3 мыңнан астам жұмыссыз еңбекке тартылыпты. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы сомасы 1 млрд 286 млн теңгенің жоғары өнімді 108 техникасын алыпты. Ірі қара санын көбейту жағында да өсім бар. Ағымдағы жылы 1300-ден астам мал алыныпты.

Денсаулық сақтау саласында кадрлардың жетіспеушілігі бұл ауданда да байқалады. Емханаларға 8 маман қажет. Мәселені шешу үшін аудан әкімі студенттердің оқуын төлеуге септесуде. Ауданда шешімін күткен әлеуметтік мәселелер де баршылық. Тілшілерді көбіне сумен қамту, оқушыларға интернатта орындардың жеткіліксіздігі мен бәріне де өзекті болған жол мәселесі, Сергеевкадағы моншаның қазіргі жағдайы қызықтырды.

 

Бану Ахметова, тілші:

– Сергеевкадағы моншаны жөндеуге қаражат бөлініпті. Жөнделіпті. Бірақ қайта қалпына келтіру жұмыстары нашар жүргіліпті. Сондықтан моншаның қазіргі жағдайы нашар екен. Қандай жоспарларыңыз бар?

 

Ендігі кезекте тікелей эфирдегі баспасөз мәслихатында қала әкімі Төлеген Закарияновтың есебі тыңдалмақ.

Бану Ахметова