Ауыл шаруашылығы

“Хуландой” ЖШС – республикалық “Парыз” байқауының жүлдегері

 

 

“Ауылым – алтын бесігім”. Небиюла Сағындықов бұл нақылдың маңыздылығын жақсы түсінеді. Ес білгелі мал бағып, жер өңдеп күнін көріп жүрген елді-мекендіктердің бірі шетелде ветеринар мамандығын меңгеріп, 1999 жылы ауылдастарын бір мүддеге ұйытып, шаруашылық құрыпты.

 

Небиюла Сағындықов, “Хуландой” ЖШС директоры:

– Мен үшін ең бастысы – туған ауылымның әлеуетін жоғалтпай, еселей түсу. 90-шы жылдары түгендеп жүрген бар малымыз құрып, егін себетін жағдайымыз болмай қалды. Сол қиын кезде ауылдастарымды кіндік қаны тамған жерден ешқайда тарамай, бірігіп еңбек етуге шақырдым. Пайларын жиып, серіктестік құрдым. Бүгінде 2300 га артық астықты алқабымыз бар. Жылда бітік егін жинаймыз.

 

Мал шаруашылығының әлеуеті де еселене түскен. Кезінде күйсіз қалған 10 шақты торпақ төлдері бүгінде 175 басқа жеткен. Оның 135-сі сауын сиырлары. Қыстап шығатын жайлы қоралар салынған. Қажетті жем-шөп базасы зеңгі баба төлдерінің алдында. Мал азығын қамту тұрғысында көпжылдық сөлді шоқ пен сұлы егіледі. Ендігі мақсат – жергілікті ірі қараны асылдандыра түсу. Ол үшін жоғары өнімді шетелдік герефорд тұқымдас бұқалар алынған. Құнажындар табиғи және қолдан ұрықтандырылады. Ауыл еңбеккерінің табын-табын сиырымен қатар бір үйір жылқысы бар. Тақ тұяқты қамбар ата төлдерінің де өнімділігін арттыру көзделіп отыр. Бүгінде мұнда киелі жануардың 113-ші бапталып-күтілуде.

Қазір Токаревка селосында 45 үй түтінін түтеткен. Еңбекке жарамдылардың барлығы аталған агроқұрылымның ісіне бір адамдай жұмылдырылған. Қыста мал күтімінде, жазда танап басында жұмыс жасайды. Бір сөзбен, еңбек етемін деген екі қолға бір күрек таппай кетпейді мұннан. Орташа жалақылары 70 мың теңгенің үстінде.

Қожалықтың кәсіподағы әріптестерінің бар мұқтажын ескеріп отыруға тырысады. Тамақтану тегін. Демалыста шипажайларға жолдама беріледі. Табысты еңбеккерлер сыйақы алып тұрады. Ауылда мектептің жоқтығы да аса сезілмейді екен. Шаруашылық токаревкалық оқушыларды маңайдағы ауылдағы білім ұясына тасымалдайтын арнайы көлік бөлген. Оқу құралдарымен қамту жағын да өз мойындарына алған. Бұл өзгеге үлгі болар игі жайттар ел көлемінде ескеріліп отыр. Серіктестік биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” республикалық байқауының “Үздік ұжымдық шарт” аталымының күміс жүлдегері атанды.

 

Небиюла Сағындықов, “Хуландой” ЖШС директоры:

– Бірінші кезекте жұмысшыларға жағдай жасау керек. Қызметкерлердің сұранысын қанағаттандырып, ынталандырған сайын еңбек өнімділігі мен өндіріс қарқыны арта түседі. Бұл бизнес талабы. Үкімет те бұндай тың істі қолдайды. Жылда субсидия алып тұрамыз. Арзандатылған жанар-жағар маймен қамтып тұрады. Толықтай жаңартқан техникалық парктің 70 пайызын лизингке алдық.

 

Соңғы жылдары көйлегі көк, тамағы тоқ ауылдықтардың бірі де елден көшіп кетпеген. Керісінше мұнда қоныстанамын деушілердің қатары басым. Биыл ғана үш жанұяға арналып жаңа үй тұрғызылыпты. Иван Путилин Токаревкаға өткен айда аудан орталығынан келіп қоныстанған.

 

Иван Путилин: “Хуландой” ЖШС механизаторы:

– Бірден су жаңа баспанамен қамтыды. Өзім механизатормын. Әйелім сауыншы болып қызмет етеді. Жалақысы жаман емес. Табысты еңбек ету үшін барлық керек-жарақпен қамтылдық. Тек ерінбей жұмыс жасау керек. Бұл қолымнан келеді. Мұнда бәрі бір жанұядай мерекелерді бірге тойлаймыз. 1 айдың ішінде үш рет бас қостық. Келгеніме өкінбеймін.

 

Ең бастысы ауылға биыл таза ауыз су келді. Тіршілік көзін тарататын мұнараны да Небиюла Сағындықов өз қаржысына салған. Ал келер жылы үлестіргіш желілер тартамыз деген жоспар бар.

Жеңіс Ермұқанов