Қоғам

Мұз қалашығы бой көтеріп келеді

 

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қаламыздың орталық алаңында мұз қалашықтарын жасау жұмысы қызу жүріп жатыр. Оған тәжірибелі сәулетшілер тер төгіп, ат салысуда. Алматыдан келген мүсінші Александр Борискин мұздан өнер туындыларын қашап шығару асқан шеберлікті қажет етеді дейді.

 

Александр Борискин, мүсінші, Алматы қаласы:

– Жылқы жылы келе жатқандықтан, ең бастысы осы жануардың мүсінін нақышына келтіріп жасап шықпақпыз. Өңірде қыс қатты екен, сондықтан жоспардан кешігудеміз. Ал басқа айтарлықтай кедергі келтіретін мәселелер жоқ.

 

Мұздан мүсін қашау жұмыстары өткен сенбіден басталыпты. Шеберлер Есіл өзенінен жеткізілген қатқан судың сапасына таң қалуда. Өйткені биылғы мұз мөлдірлігімен, жылтырлығымен ерекшеленіпті. Сондықтан, мүсіншілер қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығатын туындыларды жасау үшін қолдан келгенді аямауда. Ал ресейлік мүсіншілер жаңажылдық шыршаны айналдыра жыл иелерінің 12 мүсінін қашап жатыр.

 

Владимир Ганзин, Екатеринбург сәулет-көркем академиясының сурет кафедрасының профессоры, Екатеринбург қаласы:

-Әр жыл иелерінің өзіндік мәні мен ерекшелігі бар. Соның барлығын ескеріп еңбек етудеміз. Негізі біз көптеген мұз қалашықтарын жасау фестивальдеріне қатысқан болатынбыз. Сондықтан да Петропавл қаласында жаңажылдық мұз қалашықтарын жасауға бірден келістік.

 

12 жыл иелерінің бірқатарын Ольга Пакалинаға жасау тапсырылған. Ол мұз блоктарынан қоян, жылан мен тышқанның мүсіндерін әзірлепті. Қаламызға алғаш келген мүсінші өз туындыларының қайталанбас өнер туындысы екеніне сенімді.

 

Ольга Пакалина, мүсінші, Екатеринбург қаласы:

– Мұз қалашығын түгел дерлік өз қолымызбен көтерудеміз. Әрине күннің суықтығы байқалады, бірақ ол да шабытымызға шектеу қоя алар емес. Барша солтүстікқазақстандықтарды келе жатқан жаңа жыл мейрамымен құттықтаймын.

 

Ертегі қалашығын жасау жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде. Қазіргі уақытта мұздан жылқы мен аққудың мүсіндері қашалып жатыр.

 

Денис Бредников, Петропавл қаласының сәулетшісі:

– Мұз қалашығы мен ондағы мүсіндерді дайындау жұмыстары тиісті деңгейде жүріп жатыр. Бұл мақсатқа қалалық әкімдіктен 13 миллион теңге бөлінген болатын. Шеберлердің туындылары демалушылардың көңілінен шығады деген ойдамыз.

 

Орталық алаңдағы мұз қалашығын салу жақын күндері толықтай аяқталады. Барлығы қала аумағында 13 бірдей қалашық бой көтермек.

 

Бақыт Сәдуақасов