Қоғам

Дизайнерлер студенттерге арналған киім үлгілерін жасады

 

 

Бүгінгі фестивальге колледж шәкірттері студенттік киім үлгісін әкелді. СҚУ колледжінің дизайнерлері форманы мемлекеттік рәміздер нақышында әзірлеген. Киімдер 2 аптадай кесіп пішілген екен. Қыз бала мен ұл баланың киімдері дизайнерлік жағынан әсерлі бейнеленіпті. Ол өз кезегінде оқушылардың білімге деген құлшынысын арттыра түспек.

Қатысушылар өз киім үлгілерін 1 ай көлемінде дайындаған. Студенттердің күнделікті киюіне арналған костюмдер стилі жағынан бірінен бірі асады, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Қазіргі таңда студенттердің көңілінен шығатын қайталанбас киім үлгісін жасап шығару заман талабы – дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан  студенттердің формасы бірегейлігімен ерекшеленетін болады.

 

Светлана Давыдова, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

– Біз байқау басталмас бұрын барлық колледж қабырғаларында сауалнама жүргізген болатынбыз. Соған сәйкес студенттерге жақын киім-кешек сахнада жұртшылыққа көрсетілуде. Бірыңғай киім үлгісін таңдауда оның әдемілігімен қоса, ыңғайлы болуына және сапасына баса назар аудардық. Өйткені киім адам көркін ажарландыра түседі..

 

Жарыс қорытындысы бойынша жұртшылық назарына ұсынылған костюмдердің ішінен қазылар алқасы заманауи модельді анықтай алмады. Бірақ алдағы уақытта осы бірыңғай киім үлгілерінің бірі студенттік форма ретінде енгізілетін болады.

 

Бақыт Сәдуақасов