Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жергілікті ғалымдар мал тұқымын асылдандыруда

 

 

Өлке агроқұрылымдары шекара аспай, өзара мал алысып, тәжірибе бөлісетін кезге жеткенге ұқсайды. Жергілікті ғалымдар қазақтың ақ бас сиырларының үш бірдей аталық ізін шығарды. Бұнымен жол машақаты шешіліп, біраз шығынға тірейтін санитарлық кедергілер ғана жойылмайды. Пион, Шаман және Граф есімді бұқалардан тараған төлдер ет өнімділігінің әлеуетін арттырудың бірден бір жолына айналды дейді өнертабыс иесі.

 

Асқар Естанов, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

– Бұл бұқалар басқаларымен салыстырғанда 40-45 келіге артық. Бұл биылдың ғана емес 10-15 жылдар арасында жасалған жұмыстар. Аталық іздері шағылыстырылып таңдаулы деп іріктелген бұқалар. Ерекшеліктері өте көп. Тіпті әлемдік стандарттардан асып кетіп жатыр. Бұл үш бұқаның ұрпақтары облыста ғана емес, Қостанай, Павлодар,облыстарында жүр.

 

Ең бастысы бұл зеңгі баба төлдері ерекше күтімді талап етпейді, азықты да талғай қоймайды екен. Солтүстіктің тылсым мінезді ауа райына бейімді. Жылына бұндай тана табиғи жолмен – 30, қолдан ұрықтандырса мыңнан артық төл береді. Одан тараған аналығы 24 айда бұзаулайды. Тәулігіне өзге тұқымдарға қарағанда 20 пайызға артықтау салмақ қосады. Шамамен 1,5 келідей. Аталығы тірідей 915 кг дейін барады екен. Денесінің 60 пайызын таза ет құрайды.

 

Асқар Естанов,Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

– Бұрын бізде Бай деген адам қызмет еткен. Ала ботаның “Мұқыл” типін шығарған. Сол кісінің құрметіне «Ақбас бай» деген линияны дайындап жатырмыз. Оны биыл тапсырамыз.

 

Мына үйректер де ғылыми институттағылардың соңғы 15 жылдық жұмысының нәтижесі. Жергілікті үйректер жоғары өнімді пекиндік асыл тұқымдылармен будандастырылыпты. Шағылыстырудың нәтижесінде үй құстарының жаңа үш тұқымы алынды. Азықты әлдеқайда аздау талап еткенімен тез өскіш, 7 аптада аталығы 4 келіге дейін салмақ қосады.

 

Асқар Естанов,Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

– Бескөлдің түрлі-түсті үйректері етінің майлылығы төмендеу, жұмыртқа шығару көрсеткіші жоғары. Өміршең жобаны зерттеу барысында отандық үлгі жылына 200-ден артық жұмыртқа беретіндігі анықталды. Оның 78 пайызынан балапан бастырылады. Жаңа туған үйректердің 97 пайызы өсіп-жетіліп, 4 келіге дейін ет береді.

 

Сенім ұялататын бұл патенттерге биыл қол жетіпті. Институт төрт түлікті асылдандыру мақсатында барлығы 11 жобаны зерттеп-зерделеу үстінде. Биыл 50 шаруашылықпен келісім жасалған. Ғалымдар ауыл еңбеккерлеріне мал таңдап, жем-азық базасын жақсартуға да көмек көрсетуде.

 

Жеңіс Ермұқанов