Мәдениет

Жаңа жылдың бас қаһармандары мерекеге дайындалуда

 

 

Аяз ата кейпі – жауапкершілік жүктейтін үлкен образ. Облыстық С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері Даурен Тойбазаров осымен 7-ші рет қызыл шапанын киіп, ақ сақалын тағып отыр. Сол аралықта ол жаңа жылдық басты кейіпкердің бейнесін нақышына келтіріп орындап шығу екінің бірінің қолынан келмейтініне көзі жеткен. Бүгіндері кішкентай балақайлар аяз ата ерекше күшке ие деп сенеді. Сондықтан армандарының орындалуына септессе дейді, аяз атадан сыйлық күтеді. Ал, үлкен буында оқитын оқушылар барлығының көзінше кішкентайлардың сенімдерін жоққа шығарғысы келетін көрінеді. Тығырықтан шығу үшін Даурен өзінің актерлік шеберлігін қолданады екен.

 

Дәурен Тойбазаров, СҚО С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Менің тәжірибем бойынша сақалымнан тартып, сен Аяз ата емессің деп маған дөрекі сөз сөйлеген бала маған кездеспеді. Ал, 7-сыныптың оқушыларынан бір әбестік кетті. Олар әзіл-қалжыңы аралас: аяз ата келіп тұр, бізге сәлем беріп тұр. Сәлеміңді қайтейін, кәмпит жегім келіп тұр деп мысқылдап, аяз атаға сондай тақпақтарын айтады.

 

Осылайша аяз ата образын сомдаған кейіпкеріміз жаңа жыл қарсаңындағы мерекелерде күніне 3,4 рет ойнайды. Арасында жарты сағат тынығып алып, жылына 1 рет келетін мерекеде әр баланың көңілін тауып, шаттыққа бөлеуге тырысады. Әрине, мұндайда оның қасынан немере қызы Ақшақар табылады. Оның рөлін 2 жыл қатарымен жас актриса Мақпал Жүнісова сомдап жүр. Айтуынша, балғындар олардың шынымен де ертегі кейіпкері екеніне сенеді екен.

 

Мақпал Жүнісова,   С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

-Жыл санап балалардың үміттері де армандары да арта түседі. Олар аяз ата, ақшақар мен басқа кейіпкерлерден басқаша өзгерістер күтеді.

 

Әр жыл сайын жаңа жылдың бас кейіпкерлерін облыстық С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері Мақсат Ақжолов дайындайды. Осы іспен 15 жыл шұғылданып келе жатқан майталман қазіргі заманның балаларын қызықтыру қиын дейді.

 

Мақсат Ақжолов,   С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері:

-Мына балаларға кейде өтірік айтып тұрып шындыққа шақырып тұрғаныңа сенбейді. Өйткені, ғаламтордың әсерінен балаларды бірдеңеге таң қалдыру өте қиын. Сондықтан бұл жерде тек шынайылық қана керек.

 

Осы жылы да театр ұжымы қаланың 100-ден астам кішкентай тұрғынын қуантпақ.

 

Дәурен Тойбазаров,   С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

-Аяз ата мен Ақшақар басқа да балаларды құттықтауға асығып тұр, сіздермен қоштасамыз дегенде балалардың жібергісі келмейді. Кішкентай балалардың сенімге кіріп кеткені соншалық, кейде жылап та қалады. Сонда біз жақсы оқыңдар, ата-аналарыңды сыйлаңдар, мейірімді болсаңдар біз ораламыз дейміз. Соны олар естеріне мықтап сақтап алатынын байқадық.

 

Берік Қасен