ТЖ

Құтқарушылардың еңбектері еленді

 

 

Жақсылық Сағитовтың суда құтқару қызметінде еңбек етіп жүргеніне 2 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында ол суда батып бара жатқан бірнеше адамның өмірін арашалап қалыпты. Жаз айларының бірінде әдеттегідей шомылушылардың қауіпсіздігін бақылап жүріп, әріптесі екеуі Мичурино ауылындағы үйлердің бірінде орын алған қызыл жалынды байқап қалған. Құтқарушылар үйдегі адамдарды шығарысымен, газ баллоны жарылыпты. Абырой болғанда құтқарушылар дер кезінде жетіп, қайғылы жағдайдың алдын орады.

 

Жақсылық Сағитов, СҚО ТЖД № 2 суда құтқару қызметінің техник-құтқарушысы:

-Жаз мезгілінің ортасы еді. Қызыл жалынды көрісімен өртенген үйге қарай бет алдық. Тез арада үйдегі адамдарды сыртқа шығарып, өрт сөндірушілерді шақырдық. Біздің жұмысымыз осы. Ерлік жасадым деп ойламаймын.

 

Сүңгуір Василий Ленковтың суда құтқару қызметінде жұмыс жасап жүргеніне 10 жылдан асыпты. Ауыр жұмысқа әбден еті үйреніп кетіпті. Өзінің адам өміріне араша түсіп, өлімнен аман алып қалғанын ерлік емес, парызы деп біледі. Сол жолы құтқарушылар бастарын қатерге тігіп, қызыл өртке оранған үйге ойланбастан кіріпті. Қатты шошынған отбасын үйден шығарып, жедел-жәрдем қызметін шақыртыпты.

 

Василий Ленков, СҚО ТЖД № 2 суда құтқару қызметінің сүңгуір-құтқарушысы:

-Ойламаған оқыс оқиға болды. Мен әріптесіммен Пестрый көлінде қайықпен кезекшілікте жүрген едім. Кенеттен түтінді байқап дереу сол жерге жеттік. Үйдегі адамдар абыр-сабыр күйде екен, тездетіп сыртқа шығардық. Біз қайғылы жәйт орын ала ма деп қатты қорықтық. Еңбегімді бағалап, медаль таққандарына алғысымды білдіремін.

 

Бүгінде 2-ші суда құтқару қызметінде 8 адам еңбек етуде. Құтқарушылар жұмысқа қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жарақтанған.

 

Бақыт Сәдуақасов