Қайырымдылық

Қайырымдылық ертеңгілігі

 

 

Надежда Воранова жалғыз өзі 4 баланы тәрбиелеп отыр. 2 топтағы мүгедек ана бүлдіршіндерімен бірге жаңажылдық таңертеңгілікке шақырту алыпты. Көңілдері көтеріліп қалған балалар барын киіп, қайырымдылық шарасына қуана келген. Оқушылар тіпті Аяз атаға хат жазып, түрлі сыйлық-тартуларға тапсырыс жасаған.

 

Надежда Воранова:

– “Эра милосердия” қайырымдылық қорының президенті бізге қолынан келгенше көмектесіп тұрады. Әрине асыраушымыз болмағандықтан, балаларды бағып-қағу қиын. Бір қызым әлі күнге дейін көктемгі сыртқы киіммен жүр. Сондықтан олар Аяз атаға ұялы телефон мен қысқы киім қажет екенін айтып, хат жолдады.

 

Қайырымдылық шарасына бірінші рет Есіл ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігінен 11 тәрбиеленуші келіп отыр. Аталған ұйым осыдан үш жыл бұрын құрылыпты.

 

Виктор Кривошеев, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Есіл ауданы:

– 2010 жылы “Бота” қорының грантын жеңіп алып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында қоғамдық бірлестік пен шағын орталық аштым. Қазір қоғамдық бірлестік 53 жарымжанды қарамағына алған. Ал, “Радуга” шағын орталығында 20 мүмкіндігі шектеулі бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие алып жүр.

 

Қайырымдылық шарасына “Эра Милосердия” қоғамдық бірлестігімен бірге “Улыбка” қоры үлесін қосқан. Бүгінгі таңертеңгілікке барлығы 110 бала қатысты. Олардың дені көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларында тәрбиеленетін бүлдіршіндер мен мүмкіндігі шектеулі балалар.

 

Галина Калинкина, “Эра милосердия” ҚБ президенті:

– Қайырымдылық шараларын жиі өткізіп тұрамыз. Әрдайым мүмкідігіміз жеткенше жәрдем жасаймыз. Осы жаңа жылдық таңертеңгілікті өткізуде бірқатар кәсіпорындар қол ұшын берді. Оларға алғыс айтамыз.

 

Таңертеңгілікте аяз атаға хат жолдаған 4 бала мен өз өнерлерін дайындаған бүлдіршіндер сыйлық алып, қуаныштарымен бөлісті.

Осылайша балғындар Аяз ата мен Ақшақарды ғана емес, ертегі кейіпкерлерін де қызықтап, қайырымдылық шарасынан жақсы әсер алып тарқасты.

 

Бану Ахметова