Құқық қорғау органдары

Пиротехникалық заттар саудасы бақылауда

 

 

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бала тұрмақ ересекетердің өздері де жарылғыш не тез тұтанғыш заттарды дұрыс қолданбаудың салдарынан денсаулықтарына орны толмас залал келтіріп жатады. Сондықтан полицейлер пиротехникалық өнімдерді арнайы рұқсатсыз саудалаушыларды анықтауға кірісті.

 

Ринат Бағаутдинов, Петропавл қ. ІІБ лицензиялау-рұқсат ету жүйесінің бөлімше бастығының м.а.:

-Петропавл қаласы ішкі істер басқармасының қызметкерлері рейдтік шараны 19 желтоқсаннан бастап күшейтті. Біз қазір пиротехникалық өнімдер сататын барлық сауда нүктелерінің лицензияларын тексерудеміз. Рұқсат қағаздары болмаса, оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырамыз.

 

ІІБ лицензиялау-рұқсат ету жүйесі бөлімшесінің қызметкерлері кезекті тексеріс кезінде «Алтын Арман» базарының маңында отшашуларды ешбір құжатсыз сатып тұрған ер адамды қолға түсірді.

Тауар иесіне 20 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынуы мүмкін. Саудагерден тәркіленген заттардың сот шешіміне сәйкес көзі жойылады. Жалпы, рейд барысында тәртіп сақшылары 59 сауда нүктесін тексерді. Нәтижесінде лицензиясы жоқ жарылғыш өнімдердің 445 данасы мен 4 қорап тәркіленді. Мұндай рейдтер жаңа жыл мейрамынан кейін де жалғасын таппақ.

 

Берік Қасен