Денсаулық сақтау

Облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты

 

Биыл өткір респираторлық ауруларға шалдығу деңгейі былтырғыдан 56% азайған. Соңғы аптадағы мәліметтерге сүйенсек, бұл кесел 600-ге тарта жерлесімізді мазалапты. 100 мың адамға шаққанда аталған тізім қауіпті эпидемиологиялық шектен 4 есеге кем. Ал тұмауға шалдыққандар мүлдем тіркелмеген. Қатерлі вирусты маңайға жолатпаудың бірден бір амалы – жаппай иммунизациялау науқанынан шет қалмауға тырысқан жөн.

 

Юрий Пузиков, СҚО МСЭҚД  бастығының орынбасары:

Биыл 65 мың дана франциялық “Вакси-грипп” вакцинасын алуға облыс қазынасынан 47,8 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл қор өңір тұрғындарының 11 пайызын қорғаныш дәрмегімен қамтуға жетті. Қауіпті топтарға вакцина тегін қойылды. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, интернаттар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жүрек-қан тамыр жүйесі зақымдалған науқастар және аға буын өкілдеріне егілді. Кері әсері әзірге байқалған жоқ.

 

Қақаған қыстың үскірік сары аяздары жетіп қалды. Әсіресе осы қауырт маусымда тұмау сұрап келмейді. Ауа арқылы ағзаға тарап, үстемдік құратын жұқпалы кеселден ешкім қорғалмаған. Бұл дерттің жасөспірімдерді айналып өтпейтіні алаңдатады. Бүгінде аталмыш қоздырғыш вирусын жұқтырғандардың 70 пайызын балалар құрайды. Әсіресе 2 жасқа дейінгі сәбилер арасында белең алыпты. Дәрігерлер балдырғандардың жиі сырқаттануын иммунитеттерінің тым әлсіз, әлі жетіле қоймағанымен байланыстырады. Сондықтан ақ халатты абзал жандар қауіпті кезеңге ерте бастан қамданып барынша қаруланып алған.

 

Светлана Давыдова, қалалық балалар емханасының эпидемиолог дәрігері:

– Бізде температурамен келген балғындарды тексеру үшін екі фильтр жұмыс істейді. Үйлерге шығу үшін 6 жедел жәрдем көлігіміз бар. Дене қызуын басатын, вирустарға қарсы және минералды дәрі-дәрмек қоры толықтырылды. 6 мыңнан артық жеткіншек тұмауға қарсы егілді.

 

Ауырып ем іздегенше, сырқаттанбаудың жолын тапқан дұрыс екендігін жерлестеріміз жақсы түсінеді. Денсаулыққа үнемдеудің арты соқпақты болуы мүмкін. Бұған алаңдайтын ата-ана кішкентайларын жетектеп, балалар емханасы мамандарына алдын-ала қаралуға асық. Бұған мына ұзын-сонар кезек дәлел.

Эпидемиологиялық жағдайды ұстап тұру үшін емхана жұмысы ұзартылды. Қыс райынан қайтқанша мамандар таңғы 8-ден кешкі сегізге дейін қабылдау жүргізетін болады.

 

Жеңіс Ермұқанов