Бизнес және экономика

Сауда орындарында азық-түлік бағасы бақылануда

 

Ет, сүт және бал өнімдерінің түр-түрі «Дәрия» базарындағы жәрмеңкеге жеткізіліпті. Арзан бағамен сатылып жатқан тауарлар халық көңілінен шығуда. Әсіресе жұмыртқа бағасы қала дүкендеріне қарағанда 70 теңгеге төмен. Сондықтан құс шаруашылығы өнімдерін алуға келгендердің қатары толастар емес.

 

Галина Лошак:

-Жәрмеңкеге жиі келемін. Бағасы дүкендерге қарағанда арзан. Бүгін міне жұмыртқа алуға келдім. Бұл өнім мерекелік ас мәзіріне әсіресе керек болады. Сондықтан мол алдым.

 

Әр сенбі сайын өткізілетін жәрмеңкеге М.Жұмабаев ауданы жиі қатысады. Бұл жолы олар сиыр етінің 1 килограмын -972 теңгеге, ал шошқа етін 764 теңгеге саудалады.

 

Елена Быстрова,сатушы:

– Ет өнімдерін жақсы алады. Сапасы жоғары. Күн соңына дейін 200 кг-нан артық өнімнің барлығын сатып бітіреміз. Сауда жақсы жүреді.

 

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрғындар қалтасын қақпауы үшін Петропавл қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі сауда орындарында апта сайын мониторинг жүргізеді. Өйткені мерекеде халық тұтынатын өнімдер құны шарықтап кететіні заңды құбылыс. Сондықтан мамандар бірінші кезекте қажетті 33 тауар аталымына бақылау жүргізеді.

 

Евгения Сальникова, Петропавл қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Ұн, нан, май , ет және макарон өнімдеріне деген баға сол қалпы сақталды. Өсім байқалмайды. Мереке қарсаңында бақылауды одан сайын күшейтуді көздеп отырмыз. Онда базарларда аптасына екі реттен тексеріс жұмыстарын жүргізбекпіз.

 

Тұрғындар болса, сапасы жоғары табиғи өнімдерді арзан бағаға алуға мүмкіндік берген осындай жәрмеңкелердің өтуін құптайды.

 

– Жаңа жыл қарсаңында жәрмеңке ұйымдастырылғаны өте жақсы. Өнімдер бағасы қалта көтерерлік. Әрі сапалы.

– Әр сенбі сайын жәрмеңкеге келемін. Май, сүт, ет өнімдерінің бағасы қолжетімді болғаны өте жақсы. Апта сайын аламын. Сондықтан жәрмеңкелер жиі өткізілсе жақсы болар еді.

 

Осы сынды жәрмеңке апта сайын «Алтын арман», «Дәрия» және «Корона» сауда нүктелерінде өтеді.

 

Мағжан Ахмадина