Балалар

Петропавлдық жас суретші халықаралық байқауда көзге түсті

 

 

Дарья Путилова сурет салумен 4-ші жыл айналысады. Жас дарын көбіне қоршаған ортаны, адамдардың куанышты сәттерін, жан-жануарларды қағаз бетіне түсіргенді жақсы көреді екен. Ол Карелия республикасында өткен 8-ші халықаралық байқауға “Жексенбі” деп аталатын мына суретін салып жіберіпті. Туындысын орындауда Дарья тек фломастерді ғана қолданған.

 

Дарья Путилова , “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің оқушысы:

-Байқауда дипломға ие боламын деп ойлаған жоқ едім. Дегенмен туындымның жоғары бағаға ие болғанына қуаныштымын. Енді бұл марапат менің әрі қарай жұмыс істеуіме серпін береді.

 

Жалпы, байқауға “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінен 10 жұмыс жіберіліпті. Соның ішінде Дарьяның салған суреті ғана жоғарғы бағаға ие болып отыр. Шәкіртінің алғашқы жеңісіне оқытушылары да дән риза.

 

Елена Сафинова, “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің оқытушысы:

– Дарья шығармашылық қырынан жақсы өсіп келеді. Маған дейін ол бірнеше суретшіден тәлім алған. Менің әріптестерімнің барлығы Дарьяны жақсы көреді. Өйткені, ол бастаған ісін аса ыждахаттылықпен орындайды, әрі аяғына дейін жеткізеді. Оның суреттерінде көңіл күйді аңғару қиын емес.

 

Жақында Еленаның тағы бір оқушысы қаламызда жаңа жылға ұйымдастырылған суреттер байқауына қатысып, 2-ші орынды жеңіп алаған.

 

Алина Айкенова, “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің оқушысы:

-Қаламызда сурет байқауының болатынын теледидардағы жүгітпе жолдан білдік. Ол Еуразия базарында ұйымдастырылды. Мен байқауға әдейілеп шыршаны және өзімнің құрбыларымды салдым.

 

Бұл байқаулардың көздеген мақсаты бір. Ол – келешек ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға шақырып, отбасы құндылықтарын сақтауға үгіттеу.

 

Берік Қасен