Аптадағы маңызды жаңалықтар

Коммуналдық қызмет көрсету саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда

 

 

Биыл Петропавл 2-ші жылу-электр орталығының жылу мен тоқ көзін өндіру қауқары 400 мВт-қа жетіпті. Былтырғы қуаттылықты 40 мВт-қа арттыру – жыл соңында су жаңа турбоагрегатты іске қосудың шарапаты.

 

Антон Федяев, СҚО энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бұрынғысының қызмет ету мерзімі өткелі қашан. Әбден тозған қондырғы заманауи үлгісіне алмастырылды. РФ Орал қаласының КТ-63 турбинасы 50 жылға дейін күрделі жөндеуді қажет етпейді. Бүгінде 2004 жылы жұмысын тоқтатқан 8 қазандық қайта жаңғыртылып жатыр. Сағатына 270 тонна бу өндіретін пеш келесі жылдың алғашқы ширегінде қолданысқа беріледі.

 

Сондай-ақ энергетиктер келесі жылы 4 және 5-ші кезектегі турбиналарды ауыстыруға кіріспек. Әрбірін жаңартуға шамамен 6 млрд теңге жұмсалады деп көзделуде. Ауылдықтар да назардан тыс қалған жоқ.

 

Антон Федяев, СҚО энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде қазандық жаңартылды. Енді желілерді алмастыру керек. Келер жылы дәл сондай нысан Қызылжар ауданының Бескөл ауылында қолданысқа беріледі. Болашақта есілдіктерді де орталықтандырылған жылу желісіне тарту көзделіп отыр.

 

Жалпы әр аудандағы жөндеуді талап ететін қазандықтар жоспарға сай жаңғыртылыпты. Негізінен “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы аясында.

Еліміздің ауыз су таратушы кәсіпорындары тариф саясатын жетілдіру мақсатында жаңа шектеулі жүйеге көшті. 2015 жылға дейін жүзеге асыру көзделген жаңашылдықты “Қызылжар су” ЖШС алғашқылардың бірі болып ендірді. Биылдан кәсіпорынның қызмет құны бірден үш жылға бекітілді.

 

Антон Федяев, СҚО энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– 3 жылға 1 млрд. 200 млн теңгенің бағдарламасы әзірленді. Өстіп таза ауыз су бағасының өсуін реттеп, өнім сапасының жақсаруына қол жеткізуге бағытталған ортақ тарифтің 32 пайызы инвестициялық бағдарлама мен жөндеу жұмыстарына тиесілі. Бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Енді оның аясында әдеттегідей ағымдағы жөндеудің орнына кешенді жаңғырту істері тындырылады. Әбден ескірген қондырғылар мен желілер жаңасына алмастырылады.

 

Сондай-ақ осы мерзімде кәріздік жүйені жаңғырту жобасы қолға алынған. Тазалауға келмейтін суағарлар 3,5 млрд теңгеге ауыстырылады. Тәуелсіздік күніне орай “СевКазЭнергосбыт” серіктестігі халыққа қызмет көрсету орталығын іске қосты. Есеп айырысу орталық тұтынушыларына жарық пен жылуға қатысты 8 түрлі қызмет көрсетеді.

 

Жеңіс Ермұқанов