Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер құқығы қорғалады

 

 

Жеке шаруасын өрге домалатқан іскер азаматтардың үлесі мейлінше көбейсе, еліміздің ілгерілегенінің белгісі бұл. Осы орайда үкімет шағын және орта бизнеске қол ұшын беріп, кәсіпкерлікті моральдық және материалдық тұрғыдан сауықтырып тұрады. Алтын көрсе, періште жолдан таяды демекші, қаржы айналымынан өзіне тиесілі емес үлесті жымқыруға ынтық жандар баршылық өкінішке қарай. Қай жақты алып қарамасақ та. Бұл ағаттықты болдырмау қамында кәсіпкерлердің ұлттық палатасы мен бас прокуратура өзара меморандум жасасты. Онлайн режиміндегі бейнеконференциядағы келісім енді әр өңірлерде жалғасын табады.

 

Жеңіс Қазиев, CҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Біздің ұйым үстіміздегі жылдың қазан айында құрылды. Осы уақыт аралығында өңір бизнесмендерінен 20-ға тарта шағым түсті. Негізінен энергетика, салық салаларына қатысты өкпелері бар. Көбін жергілікті жерде шешуге тырыстық. Ал ауқымдыларын ұлттық палатаның қарауына жібереміз. Енді прокурорлармен бірлессек, ісіміз тіпті жандана түсетініне сенімдімін.

 

Өңірлік палата кәсіпкерлікті қорғау кеңесінде құрып қойған. Құрамына құзырлы орган мүшелері кірсе, игі болады дейді олар. Бір мүддеге ұйып жұмыс жасау қашанда жемісін беретіндігі көпке аян.

 

Айдос Кеңбейілов, СҚО прокуратура басқармасының аға прокуроры:

– Жыл басынан бизнес саласында 100-ден артық заңбұзушылықты анықтадық. Нәтижесінде 43 хаттама толтырылды. 45 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.

 

Жалпы ел бойынша биыл ғана бизнестегілер 11 мыңға тарта заң бұзушылыққа жол беріп, нетижесінде 1220 тұлға жауапкершілікке тартылыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов