Денсаулық сақтау

Дәрігердің еңбегі лайықты бағаланды

 

Жыл басынан Қызылжар ауданында 490 сәби шыр етіп дүние есігін ашыпты. Нәрестелердің өмірге аман-есен келуіне үлес қосқан ақ халатты абзал жандардың бірі Ерғали Нұржанов.

 

Ерғали Нұржанов, Қызылжар аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологы:

– Өкінішке қарай туу көрсеткіші төмендеді. Биылғы көрсеткіш мың адамға шаққанда былтырғы 13,5-тен 11,5 пайызға түсіп қалды. Бұл біріншіден жүктіліктің уақытынан бұрын үзілуімен байланысты. Бір қуантарлығы – ана өлімі тіркелген жоқ. Жасанды түсік жасау жағы да әлдеқайда азайып отыр.

 

Тәжірибелі маманның қарауынан күніне 50-ге тарта азаматша өтеді екен. Гинеколог дәрігердің көмегіне жүгінетіндер негізінен бала көтеретін жастағы нәзік жандылар.

 

Ерғали Нұржанов, Қызылжар аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологы:

– Жатыры өткір қабынған әйелдер көбейіп кетті. Асқынғаннан соң емдеу оңай шаруа емес. Бала көтеру де қиындай түседі. Жүктілік уақытта тіпті қиындайды. Сондықтан, бірінші кезекте ауырып ем іздегеннен гөрі сырқаттанбаудың жолын табуға кеңес беремін.

 

Ерғали Амантайұлының бұл саладағы еңбек өтілі 33 жыл. Тәуелсіздік күніне орай 1-ші санаттағы дәрігер “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” кеуде белгісімен марапатталды.

 

Ерғали Нұржанов, Қызылжар аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологы:

– Мен үшін бұл тосын сый болды. Ел егемендігін жариялағалы үлкен мемлекеттік награда берілді. Бұл еңбегімнің еленгенін көрсетеді. Мемлекеттік награда аса жауапты ісіме одан бетер ұқыпты қарауыма жүктейді. Кеуде белгісінде жазылғандай атына заты сай болу үшін барымды жасаймын.

 

Ерғали Нұржанов жыл сайын кәсіби біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдап тұрады. 5 жылда бір Алматы мен Астана қалаларында білімін толықтырады. Бұл да ұлт саулығын қамтамасыз етуге жасалған тың шаруа дейді маман.

 

Жеңіс Ермұқанов