Билік

Уәлиханов ауданының әкімі журналистер алдында есеп берді

 

 

Аудандағы құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда біршама өсіп, биыл бұл салаға 500 млн теңге бағытталған. Орташа жалақы мөлшері 6,8 пайызға артты. Еңбекпен қамту мәселесі де бір жолға қойылған. 1327 адам екі қолға бір күрек тауып, олардың 955-і тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды.

Ауданда атқарылған істерді тізбектеген Аман Төрегелдин кейін журналистер сауалдарына жауап берді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мектептердегі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыны игеруде мәселе туындаған болатын. Аудан басшысы мәселе шешіліп жатыр деп сендірді.

 

Аман Төрегелдин, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Жыл соңында ауданымыздың екі мектебін жөндеуге бағдарлама аясында қаржы бөлінген болатын. Оқу ошақтарында қостанайлық «Титан» компаниясының мамандары жөндеу жұмыстарын жалғастыруда. Қазір екі ауысымда 100 қызметкер еңбек етуде. Сондықтан шаруаны уақытылы аяқтап, қаражатты игеретін боламыз.

 

Мұнымен қоса брифингке қатысқан үкіметтік емес ұйымдардың басшылары да осындай кездесулердің өткізілуін құп көреді. Ауданның дамуы мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жайлы ақпаратты білуге мүмкіндік береді дейді олар.

 

Бахытжан Сәмиева, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты:

– Осындай брифингтердің өткізіліп отырғаны жақсы. Ауданның дамуы жайлы көп ақпаратты білуге болады.

 

Тікелей эфирдегі келесі баспасөз мәслихатында Шал ақын ауданының әкімі журналистер сауалдарына жауап беретін болады.

 

Мағжан Ахмадина