Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандық балалар Президент шыршасына қатысты

 

Сән-салтанатқа толы жылдың айшықты мерекесінен білім қуған бұл жігерлі егеменді елдің ұл-қыздары қиялға бөленіп армандарының орындалуын күтеді. Мерекенің маңызды бөлігі көркем безендірілген залда балалар Елбасының құттықтауын үлкен телеэкраннан ықыласпен тамашалап, тыңдады. Нұрсұлтан Назарбаев ел ертеңі оқушыларды саналы тәрбие мен кемел білім алуға ұмтылуға шақырды.

Одан кейін құттықтау сөзін жеткіншектерге облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров арнады.

Президенттік шыршаның бас қаһармандары өз кезегінде Айдарбек Сапаровқа келер жылдың нышаны тақ тұяқты қамбар ата түлігін сыйға тартып, мерекемен құттықтады.

Жас сахна саңлақтарының өнері думанды кештің ажарын аша түсті. «Сиқырлы жаңа жыл» атты мерекелік бағдарламада бүлдіршіндердің назарына театрландырылған танымдық қойылым ұсынылды. Қиялға толы кеште балдырғандар сүйікті ертегілер әлеміне жұлдызды саяхат жасады. Танымдық шараны бүгінмен байланыстырып, әлеуеті асып, бірлігі жарасқан елдің басты құндылықтары ынтымақтастық, отансүйгіштік, күш-жігер, еңбекқорлыққа жетелейтін жолдар көрсетілді.

Кейін мереке қонақтары  Аяз Ата, Ақшақарды қарсы алып ойын-сауық әсем шыршаның маңында жалғасты.

Балалардың әрбірі көздің жауын алатын сан қилы мерекелік киім үлгілерін әзірлеп әкелген. Айыртау ауданының оқушысы Мұхаммед Қалақов қазақтың тегі ат үстінде отырған батыр бейнесінде келіпті. Ал шалақындық Қазыбек Ерсайынов тарихи тұлға Алтын адамның кейпін таңдаған. Ақжарлық Әйгерім Әзімқызының киім үлгісі бүгіннен сыр шертіп қана қоймай, келешекке көз тіккізеді. Ол “Қазақстан-2050” стратегиялық құжатын насихаттауды жөн санапты. Кешегі шежіре, бүгінгі қайнаған өмір, жарқын болашақты жарасымды қоса білген оқу үздіктері баянды тәуелсіздікті бірігіп қалаймыз дейді.

Осы жерде ең таңдаулы жаңажылдық киім үлгілерінің облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды. 200-ге тарта костюмнің ішінен сән-салтанатымен танылған 9-на құнды сыйлықтар тарту етілді. Айыртау аудандық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат  тәрбиеленушісі Темірлан Мұқанов қырағы алтын бүркіт бейнесінде келіпті. Ай бойы пішіліп, тігілген бұл еңбек 1-ші орынға лайық деп бағаланды.

Темірланның жерлесі Анастасия Шмилеваның киім үлгісі тіптен ерекше. Жарық шамдармен безендірілген “Экспо- 2017” атты көйлекке бас жүлде бұйырды.

 

Анастасия Шмилева,Айыртау аудандық жетім және ата ана қамқорынсыз қалған балалар мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

Менің қолымда желмен жұмыс жасайтын қондырғының шағын макеті. Көйлегім де баламалы энергия таратудың маңыздылығын айшықтайды. Жас та болсам елімізге «жасыл экономиканың» берері көп екенін білемін. Сондықтан осылайша киінуге бел будым.

 

Президенттік шыршаға қатысқан барлық бүлдіршіндерге қысқы спорт киімдері, ұялы телефон мен сөмке, мектеп жабдықтары, тәтті базарлықтар тарту етілді. Өңіріміздің көзге түсіп жүрген оқушылары сый-сияпаттарын арқалап, кештен жақсы көңіл күймен тарасты.

 

Жеңіс Ермұқанов