Ауа райы

Облыста сандық телевидение іске қосылды

 

Еліміздегі хабар таратуды сандық жүйеге көшіру – ол заман талабы. Оны ендірудің алғашқы кезеңі 2012 жылы Елбасының тікелей қатысуымен өмірге жол тартқан болатын. Ол шақта сандық форматтағы хабарларды еліміздің 7 қаласы ғана көрсе, араға бір жыл салып екінші желісі көрерменге жол тартты. Индустрияландыру күні іске қосылған жаңа желіден теріскей тұрғындары да шет қалған жоқ.

 

Ғалымбек Нұрбалиев, “Қазтелерадио” АҚ СҚОФ басшысы:

-Бұл тарихи оқиға. Сандық эфирлік телевизияны іске қосу  хабар таратудың сапасын жақсартуға жасалған қадам. Әзірге оның аумағы 40 шақырымды құрайды. Алдағы уақытта ол облысымызды тұтастай жаппақ. Ол шамамен 2 жыл көлемінде іске асады.

 

Индустрияландыру күні іске қосылған эфирлік сандық телевизияның ашылуына облыс әкімдігі аппаратының жетекшісі Владимир Дудов қатысты. Жаңашылдықпен 2016 жылдан бастап, шалғай елді мекендердің тұрғындары толықтай қамтамасыз етілмек. Тек ол үшін сандық форматтағы арнайы қондырғыларды сатып алу қажет.

 

Олег Гордиенко, “Қазтелерадио” АҚ СҚОФ бас инженері:

-Теледидарыңыз «Стандарт-2» форматын ұстамайтын болса, онда Киров зауытынан шығатын мынадай қондырғыларды сатып алуға болады. Оны орнатудың еш қиындығы жоқ, құрылғы DVD-ойнатқыш секілді қосылады. Сосын теледидардағы арнайы мәзір арқылы қалыпқа келтіріп, бөлмеішілік антеннамен кез-келген арнаны көре бересіз. Онда отандық 25 арна тегін.

 

Қазіргі күні сандық форматтағы қондырғылардың кез- келген түрін облыс орталығындағы тұрмыстық техникалар дүкендерінен сатып алуға болады. Бағасы да қалта көтерерлік: 7-17 мың теңге аралығында.

 

Самат Есмағи