Көлік және жолдар

Көліктерін жол жиегіне ұзақ уақыт қалдыратын жүргізушілер коммуналдық қызметтерге кедергі жасауда

 

Қылышын сүйретіп келген қыс жауын-шашынға сараң болмайтынын алғашқы күндерден-ақ танытты. Күн сайын қар құрсауында қалған көшелерді аршуға 130 арнайы техника шығады екен. Механикаландырылған тазарту кешкі сағат 9-дан таңғы 8-ге дейін жүргізіледі.

Қалың қармен күресушілердің бел жазуға мұршасы жоқ. Қызу қарбалыс үстінде. Оған қоса коммуналдық қызметтердің жұмысына жол жиектерінде қалдырылатын көліктер тұсау болып тұр. Маңызды шаруаға кедергі келмес үшін мамандар жүргізушілерді темір тұлпарларын ұзақ уақытқа тастамауын сұрайды. Бірақ бұған құлақ асатындары шамалы.

Көше тазалығы біз бен сізге керек. Бұдан былай ескертуге немқұрайлық танытқан жүргізушілер табылса, заңды түрде жауапқа тартылатын болады.

 

Сергей Брыксин, Петропавл қ. ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы:

Жүргізушілердің көлігін жол бойында тастап кетуі үлкен мәселе тудырып отыр. Осыған байланысты қала тазалығына кедергі келтіретін автомобиль эвакуаторға тиеліп бірден айып тұрағына жеткізіледі. Ал темір тұлпар иесі айыппұл төлеуге мәжбүрленеді.

 

Жеңіс Ермұқанов