Энергетика

Энергетиктер қос мерекені атап өтті

 

“Солтүстік Қазақстан электр тарату Компаниясы” АҚ құрылғанына50 жыл толып отыр. Олар өз жұмысын 1963 жылы сол кездегі “Целинэнерго” ұйымының шешімімен №1 жылу-электр орталығында бастаған. Содан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бүгінде алпауыт компания өңіріміздің 8 ауданы мен облыс орталығын жарықпен қамтамасыз етуде. Электр желілерінің жалпы ұзындығы 13 мың шақырымнан артық. Өздерінің кәсіби және 50 жылдық мерейтойларын атап өтіп отырған өңір энергетиктерін облыс әкімінің атынан оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

Бұдан соң еңбегімен ерекшеленген бірқатар энергетиктер облыс әкімінің алғыс хаты және құрмет грамотасымен марапатталды. Барлығы алты адам. Солардың бірі әуе желілері қызметінің басшысы Самат Құрұмбаев. Оның аталмыш компанияда еңбек еткеніне 4 жыл болған.

 

Самат Құрұмбаев, “СҚ ЭТК” АҚ әуе желілері қызметінің басшысы:

-Жас мамандардың еңбегін жоғары бағалап жатқанына қуаныштымын. Бұл тек менің жетістігім емес, барша ұжымның жетістігі. Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыздан жылу, жарық үзілмесін.

 

Төл мереке және 50 жылдық мерейтойды атап өтіп отырған энергетиктерді айтулы даталарымен құттықтауға “Орталық Азия Электрэнергетика Корпорациясы” АҚ президенті арнайы келіпті. Өзінің жылы лебізінен кейін, мейман бүгінгі толқын мен аға буын өкілдерін арнайы марапатқа бөледі. “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ басқарма төрағасы Еділ Копенов пен “Апаттық қызмет” серіктестігінің директоры Юрий Бацанов  – “ҚР құрметті энергетигі”, өңіріміздегі энергетика саласының дамуына қосқан үлесі үшін Анатолий Загаевский мен Александр Липовой  “ТМД-ың құрметті энергетигі” төсбелгілерімен марапатталды. Ал электр тарату компаниясының басшысы Еділ Копенов компаниядағы өндірістік-техникалық бөлімнің жетекші инженері Анатолий Загаевскийге “Нива Шевроле” автокөлігінің кілтін табыс етті.

 

Анатолий Загаевский, “СҚ ЭКТ” АҚ жетекші инженері:

-Қарапайым жұмысшының 44 жылғы еңбек өтілін жоғары бағалағаны үшін басшылыққа айтар алғысым шексіз. Күш-қуатым жеткенше компанияның өркендеуіне үлесімді қоса беруге уәде берем. Төл мерекеміз баршамызға құтты болсын демекпін.

 

Салтанатты шара соңы көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Самат Есмағи