Билік

Үкімет отырысында “Еңбекпен қамту-2020” бағдарламасының орындалу барысы қаралды

 

 

Бүгінде ел халқының 42 пайызы ауылда тұрады. Ал онда жұмыс тапшы. Жағдайды оңалту тұрғысында 2009 жылдан “Еңбекпен қамту-2020” бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Ол бүгінгі күні 263 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді деп атап көрсетті өз хабарламасында еңбекпен қамту министрі. Тың бастама шеңберінде сондай-ақ елді мекендердегі 1843 нысан күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне жараған. Шағын және орта бизнес саласы да даму үстінде. Бұл ретте 17 мыңнан астам адам шағын несие алып, өз істерін ашқан. Оның шеңберінде 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылыпты.

Жиында қаралған екінші мәселе 2030 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасына қатысты. Бүгінде ол тұрғыда әр аймақ өз жобаларын ұсыныпты үкімет қарауына. Оны министрлер кабинеті бір ауыздан мақұлдады. Бағдарлама елдегі түйткілді мәселелерді шешіп, халықтың ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді деді Серік Ахметов. “Агробизнес-2020” бағдарламасының көздегені аталмыш салада өнім өндіру және қайта өңдеу жұмыстарын жандандыру. Алайда ол тиісті деңгейде жүзеге асырылмауда. Халық тұтынатын отандық тауардың 40 пайызы әлі де сырттан келетін экспорт. Биылғы жылы аталған сома 900 миллион теңгені құраған. Премьер-Министр бұған жол бермеу керектігін атап көрсетті. Ішкі айналымдағы қаржы өзімізде қалуы керек. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде жалғасын тапты. “Еңбекпен қамту-2020” бағдарламасы бойынша біздің өңірімізге осы жылы бөлінген қаражат 3 миллиард 989 миллион теңгені құрайды. Алайда желтоқсанның біріндегі мәліметте ол тек 82 пайызға игерілген. Бірінші бағыт бойынша әлі 19 жобадағы жұмыстар аяқталмаған. Олар білім, денсаулық сақтау, және спорт нысандарына қатысты.

 

Шолпан Қаринова, СҚО білім басқармасының басшысы:

-«Жол картасы» бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген нысандар саны 30. Қазіргі күні олардың бесеуіндегі жұмыстар аяқталуға жақын. Мамлют пен Қызылжар аудандарындағы жұмыстар 25-де аяқталады. Қулыкөл ауылында салынып жатқан балабақша жыл соңында берілуі керек еді. Алайда жұмыстар толық аяқталған жоқ. Оған республикалық бюджеттен 2 миллион 700 мың, облыстан бағытталғаны 800 миллон теңге болатын. Жұмыстар толығымен аяқталмағандықтан қазынашылық қаржының соңғы 5 пайызын бөлмей отыр. Бидайық мектебіндегі жұмыстар да кешеуілдеуде.

 

Медицина мекемелеріндегі жөндеуге іліккен нысандар саны -19. Оларда да аяқталмаған жұмыстар бар.

 

Мәриям Бапашева, СҚО денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары:

– Үш нысанда жөндеу жүргізіліп жатқан болатын. Кешегі күні Мамлюткадағы нысанның жұмысы аяқталып, құжаттарға қол қойылды. Ал Жамбыл ауданындағы екі мекемедегі жұмыстар келер аптада аяқталады. Қаржыны игеруді 100 пайызға жеткіземіз.

 

Баспана құрылысы төңірегінде Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Уәлихан аудандарында мәселе бар. Олар жыл соңына дейін тапсырылмайды деп атап көрсетті Ратмир Усманов. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы қимылды ширату керектігін міндеттеді.

 

Самат Есмағи