Билік

Тимирязев ауданының әкімі тікелей эфирде есеп берді

 

 

50 жылдық тарихы бар Тимирязев ауданының 13 мыңға тарта тұрғыны 24 ауылда түтінін түтеткен. Тікелей эфирде оқылған баяндамаға құлақ түрсек әр салада өсім бар. Ондағы әлеуметтік-экономикалық дамудың түп негізі саналатын ауыл шаруашылығының ішкі өнімі биыл 9,2 млрд теңгеге жетіпті. Ең бастысы тимиряздықтар таза ауыз су жөнінен қам жемейді. Округтар толықтай тіршілік көзімен қамтылыпты. Жетістіктер қаптаған сандармен тізілген қағазға көз жүгіртсем ауылдықтардың тамағы тоқ, көйлегі көк. Кім өз жұмысына сын көзбен қарайды. Теріскейліктердің көкейінде жүрген сауалдарды жергілікті БАҚ өкілдері көтерді.

 

Любовь Мироедова, МТРА тілшісі:

– Өңір басшысы жұмыс сапарларының бірінде егіс алқаптарының қажетінше өңделмейтінін сынға алған болатын. Биылғы орақ науқанында сіздің аудан диқандары гектар берекелігінен көш соңында қалды. Себебі қандай?

 

Еркін Базарханов, Тимирязев ауданының әкімі:

– Өте ауыр жыл болды. Бар астықты тек қараша айында қамбаға құюды аяқтадық. Аграрлық өңір үшін аз болғанымен, гектарынан 11 центнерден ырыс  дәні бастырылды. Өткен жылғыдан аз да болса жоғарылау. Шағын шаруашылықтардың егінжайларын тыңайтуға мұршалары жетпейді. Ірі агроқұрылымдар дәрілеу жұмыстарына тыңғылықты қарайды. Алдағы егістікте танап басына 59 заманауи техника жаңадан шығады.

 

Ауылдықтардың денсаулығы да айналып өтетін мәселе емес. Аудан венерологиялық сырқат бойынша көш бастап тұр. Туу көрсеткіші төмендеген. Жалпы өлім-жітім ұлғайыпты. Туберкулезге шалдығушылар саны артқан.

 

Еркін Базарханов, Тимирязев ауданының әкімі:

– Былтырлары СПИД жұқтырғандар тіркелгені рас. Бүгінде қатерлі кеселдің тарауына тежеу қойылды. Ауруларды ерте бастан анықтауға ден қойдық. Тұрғындардың 98 пайызы тексерілді. Осыдан көкжөтелмен сырқаттанушылар саны өсіп отыр. Оларға дер кезінде сапалы медициналық көмек жасалуда.

 

Қаламы қарымдылар елді мекендіктердің әлеуетіне тікелей қатысты жалақы мәселесін де ортаға жайып салды. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, өңірде ең төмен айлықты тимиряздық еңбеккерлер алады екен.

 

Еркін Базарханов, Тимирязев ауданының әкімі:

– Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша орташа жалақы 53 мың 716 теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес мерзімінен 12,5 пайызға өсті. Егінді кеш жинағандықтан соңғы тоқсанда бұл көрсеткіш тағы көбейеді. Еңбекақыны көтеру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

 

Биыл ауданның құрылыс қарқыны да түсіп қалған. Баспасөз мәслихатында бұл кемшін жайт та назарсыз қалмады. Жыл басынан 1800 шаршы метр үй қолданысқа берілді. Бұл жылдық жоспарға ілесуге жеткіліксіз.

 

Еркін Базарханов, Тимирязев ауданының әкімі:

– Бүгінде “Қолжетімді баспана” бағдарламасы аясында 12 пәтерлі үйдың құрылысы аяқталуға тәмам. Пәтерлер кезекте тұрған баспанаға зәру жандарға жыл соңына дейін тапсырылады. Сондай-ақ 1 бөлмелі 9 үй тұрғызып жатырмыз. Олар әлеуеті төмен ауылдардан көшірілгендерге беріледі.

 

Ауылдарды байланыстыратын күре жолдардың жағдайы да тым өзекті. Аудан басшысы көлік қатынасын жақсартуға қатысты межеленген жоспар бар екендігін жеткізді.

 

Жеңіс Ермұқанов