Балалар

Оқушылар Президент шыршасына әзірленуде

 

 

Жаңа жылдық көйлекті Жанна мен оның анасы Айгүл ұзақ жүріп таңдаған. Ақыры, кішкене қыз Буратиноның бастан кешкен оқиғалары туралы ертегідегі Мальвина боламын деп түйген. Көрікті, сапалы әрі қымбат емес киімді іздеп табу үшін олар қаланың ондаған дүкенін аралапты.

 

Жанна Сапар:

-Маған бұл сәнді көйлек ұнады. Өзім бұл мұлтьфильмді бірнеше рет көргенмін, Мальвина өте мейірімді және бәріне көмек қолын созуға даяр тұрады. Мен де дәл сондай қыз болғым келеді. Және жаңа жылға сақтап қойған арманым бар.

 

Бүгінде 3-сынып оқушысы – қатарластарының алды, сабағын кілең беске оқиды. 4 жыл қатарынан көркем гимнастика үйірмесіне қатысып жүр. Осы уақыт аралығында талай мәрте облыстық біріншіліктердің жүлдегері атанып үлгеріпті.

 

Айгүл Сапар, Жаннаның анасы:

-Бізді Президенттік шараға шақырған кезде қуанып қалдық. Меніңше, бұл кез-келген баланың асқақ арманы. Біз аталған мерекелік шара туралы көп естіп жүрген едік. Енді міне бізге де осындай сәт түсіп отыр. Еліміздің әр өңірінен дарынды балалар президенттік шыршаға қатысады. Бұл өмір бойына есте қалатын оқиға.

 

Облыс орталығындағы Президенттік шырша онлайн режимінде өтеді. Оған дейін аталған шараға шақыру алған балғындар 2 күн қатарынан облыс орталығындағы түрлі ойын-сауық мекемелерін аралап, аквапаркте уақыттарын қызықты өткізбек.

 

Сабыржан Сапар, Жаннаның әкесі:

-Қызымның осындай маңызды шараға қатысқанына ризамыз. Балалар үшін жаңа жыл мерекесінің өзі неге тұрады, ал біз тіпті президенттік шыршаны көру мүмкіндігін иелендік. Бұл екі есе қуаныш.

 

Бұл жарасқан жанұя балаларының қызығын алдағы уақытта да көретініне сенімді.

 

Гүлмира Шоқтыбаева