Қоғам

Мемлекеттік рәміздер туралы заң талаптарын орындамағандар әкімшілік жауапқа тартылды

 

Әр елдің елдігін айқындайтын өзіндік рәміздері бар. Ол елтаңба, ту, әнұран. Ал оларды қастерлеу әрқайссымыздың міндетіміз. Алайда мемлекеттік рәміздерді орналастыру, күтіп баптауда орын алып жататын кемшіліктер де жоқ емес. Бұның бәрі мемлекеттік символдар жөніндегі облыстық комиссияның отырысында көрініс тапты.

Мемлекеттік ту, елтаңбаны орналастыру, гимннің мәтінін стендттерде қолдану конституциялық талаптарға сәйкес болуы шарт. Ал оған мән бермегендер әкімшілік жауапқа тартылады делінген заңда. Бұл ретте өңірімізде нендей жұмыстар атқарылды. Ол туралы кеңес отырысында облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ақпан Дүкетбаев хабарлама жасау керек болатын. Бірақ ол аяқ астында іссапарға аттанғандықтан, оның орнына облыстық ішкі істер департаменті тылды қамтамасыз ету басқармасының басшысы Нариман Ыбраев сөз алды. Алайда комиссия төрағасы Фархад Қуанғанов Дүкетбаев мырзаның ескертусіз кеткендігін қатаң сынға алды.

Ағымдағы жылдың 7-қазаны мен 7-ші қарашасы аралығында мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшелері барлық аудандар мен облыс орталығындағы мекемелерге тексеріс жүргізген. Нәтижесінде бірқатар олқылықтардың орын алғандығы анықтапты.

 

Салауат Мүксімов, СҚО ішкі саясат басқармасының жетекшісі:

-Облыстық және аудандық комиссия мүшелері 1217 ұйымда 176 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде мемлекеттік тудың жыртылуы, мемлекеттік символдардың тиісті жерлерде орнатылмағандығы, рәміздерді насихаттайтын ақпараттық-көрнекілік стендттердің талаптарға сай еместігі, символдардың қараңғы уақытта жарықтандырылмайтындығы, оларға немқұрайлық таныту секілді бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Оған жол бергені үшін 19 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

Олқылықтардың көптеп орын алғаны Тимирязев ауданында тіркелген. Осы үшін аталмыш аудан әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың сынына ілікті.

Жиын соңында мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның келер жылға арналған жұмыс кестесі бекітілді. Отырысты қорытындылаған Фархад Қуанғанов жауапты тұлғаларға, мемлекеттік рәміздерге жауапкершілікпен қарау керектігін тағы бір мәрте ескертті. Оларды қастерлеу заңда көрсетілген.

 

Самат Есмағи