Балалар

Мектеп-интернат тәрбиеленушілері қала кәсіпорындарының жұмысымен танысты

 

 

Николай Баширов – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының оқушысы. Жайшылықта печенье мен макарон өнімдерін дүкен сөрелері мен дастарханда көретін ол бүгін шынымен аталған өнімдердің қыруар еңбектің нәтижесінде жасалатынын өз көзімен көрді.

 

Николай Баширов, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат оқушысы:

– Маған әсіресе печеньенің әзірлену әдісі ұнады. Қамыр күйінде печенье қату үшін ұзын салқындатқыш пештен өтеді екен. Мен печеньені шаймен ішкенді ұнатамын. Оны басқа қалалардан әкеле ме десем, өзіміздің Петропавлда шығарылады екен.

 

Нарықта 1998 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан бұл өндіріс орнының мақтан тұтарлық соңғы жаңалығы бар екен. Олар Түркияның заманауи құрал-жабдықтарын өндіріске енгізген. Кәсіпкер автоматтандырылған техниканың біразын өз қаражатына сатып алса, ал мына вафли өнімін шығаратын құрылғыға “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында қол жеткізген. Соның арқасында “Сұлтан” АҚ -ның өндіріс қарқыны өсіп отыр бүгінде. Жылына 3200 тонна макарон және кондитерлік тағамның 50-ден астам түрін өндіруде. Тәулігіне 25 тонна печенье, 8 тонна вафли шағарады.

Алда қазақтың жайма қамырына дейін нарыққа шығарлмақшы. Бұл қарқынды жұмыстың басы-қасында “Сұлтан” АҚ-ның бас директоры Атилла Аялп жүр. Ол кондитерлік цехты аралап жүрген жастарға осындай үлкен жетістікке қалайша қол жеткізгендігін айтып берді.

 

Атилла Аялп, «Сұлтан-кондитер өнімдері» АҚ бас директоры:

-Біз жастарға мысал ретінде осы жұмыстарды көрсету арқылы үлкен еңбек пен талпыныстың арқасында армандарға жетуге болатынын дәлелді түрде көрсетіп жатырмыз. Білсеңіз өңірдің экономикасы осы шағын және орта бизнес тетіктерімен дамып келе жатыр. Бұл ертеңгі елдің болашағы жастарды да ойлантуы қажет. Сондықтан, ертеңін ойлаған қыз-жігіттер бізге жұмыс істеуге келеміз десе, оларды машықтану іс-тәжірибесіне алуға дайынбыз.

 

Бұдан кейін оқушылар майлылығы әр түрлі 20-дан астам сүт пен 14 аталымдағы шырын мен иогурт өндіретін “Молпродукт” ЖШС-не барды.

 

Галина Калашникова, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат оқушысы:

-Маған мұнда өте ұнады. Мен бұл өндірістен сүт пен қаймақтың қалайша сүзгіден өтетінін өз көзіммен көрдім. Мұндағы жұмыс істейтін адамдар да көп. Оларға мен еңбектерінде жеміс, зор денсаулық, ашық аспан тілеймін.

 

Илья Белов, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат оқушысы:

-Мен сыныптастарыммен сүт өнімдері қалай жасалатынын көрдім. Біз бұрын Петропавл өнеркәсібі дамыған қала деп ойламайтынбыз. Бұл өнімдерді біздің Қазақстанда ғана емес, жақын, алыс шетелдерде де пайдаланады екен.

 

Жаңа жыл қарсаңында Петропавлда бизнес-орталық жұмысын бастамақ. Онда өз ісін ашамын деген азаматтар қаржы институттары мен кәсіпкерлікті дамыту орталығы мамандарынан тегін кеңес алады. Облыс әкімінің орынбасары бұл өңірде бизнестің дамуына септеседі деп отыр.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазір біз балаларға үлкен жобаларды көрсетіп жатырмыз. Осы арқылы біз балаларға қарапайым түрде шағын және орта бизнесті қалай бастауға болатынын танымдық жұмыстармен түсндірдік. 1 кәсіпкер осыдан 5 жыл бұрын электр плитасымен тоқаш дайындап түске дейін сатқан. Түскен қаражатқа тағы 4 электр пешін сатып алған. Ал жарты жылдан кейін оның қарамағында 3 адам пайда болды. Қазір ол үлкен кәсіпкер. Мемлекеттің қолдауымен Италияда 20 млн-ға қондырғы сатып алған.

 

Берік Қасен