Спорт

Ғ.Мүсірепов ауданында хоккей алаңдарын салуға 10 млн теңге жұмсалды

 

 

Солтүстіктің сары аязына қарамастан, мына балалар хоккей алаңына шығып, жаттығу өткізуде. Өйткені жақында мұнда мектеп аралық лига ұйымдастырылмақ. Онда 12 команда өз араларында мықтыны анықтайтын болады.

 

Ерқанат Бекежан:

– Хоккей маған ұнайды. Достарым айналысып, мені шақырды. Менің де бұл спорт түріне деген қызығушылығым артып кетті.

 

Соңғы кездері мүсіреповтіктердің қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығы артқан. Сондықтан ауылдардағы мұз айдындары мен қалашықтар көбейді. Қазір аудан бойынша олардың саны  25-ке жеткен.

 

Серік Алтаев, Ғ.Мүсірепов ауданының білім бөлімінің басшысы:

-Жаңа хоккей қорабын орнатуға аудан қазынасынан 6 млн теңге бөлінді. Ол спортты дамытуға септеседі. Ертең жарыс басталады. Сырттан 9 команда келеді. Сондықтан бізде сайысты өткізуге жабдығымыз сай болу керек.

 

Қазіргі таңда мұнда хоккей жабдықтарына деген тапшылық жоқ. Барлығы жаңадан алыныпты. Оның үстіне балғындар тегін жаттығады. Ең бастысы бұл спорт түріне балалардың ынтасы зор болса болғаны дейді жаттықтырушы.

 

Юрий Грибов,Ғ.Мүсірепов ауданының БЖССО жаттықтырушысы:

-Келушілер қатары қалың. Балалардың хоккеймен айналысуға деген қызығушылығы артып келе жатқандығы қуантады. Қаржыландыруға келетін болсақ, бізге көмек көрсететін жандар баршылық. Жыл сайын киім және жабдықтар аламыз.

 

Ал мынау Новоишимка ауылының шет бөлігі. Бұрындары бұл жер қаңырап бос жатқан. Қазір мұнда мұз айдыны орын тепкен. Оның құрылысына жеке кәсіпкер Рафаил Сұлтанов 4 млн теңге бөліпті.

 

Рафаил Сұлтанов, жеке кәсіпкер, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бұл жерде 90- шы жылдары мұз алаңы болған. Кейін бәрі қирады. Соны қалыпқа келтіріп, жандандыру арманым еді.Қазір мұнда спортпен шұғылданып, жүздері қуанышқа толы балаларды көріп риза боламын. Жалпы бүгіндері бізге жақсы қолдау көрсетіледі. Сондықтан өңіріміздің дамуына үлес қосу – біздің де міндетіміз.

 

Қазір мұз айдыны ауыл жастарының сүйікті орнына айналған. Мұнда спортпен шұғылданамын деген жастардың қатары қалың.

 

-Бізде жаңа алаң пайда болғаны қуантады. Алысқа бармай, жақын жерде жаттыққаным дұрыс.

– Маған жаңа мұз айдыны ұнайды.Өте жақсы. Біз үшін күнде келіп, спортпен шұғылдануға мүмкіндік туды.

 

Өткен жылы ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің жұмысын республикада жоғары бағалап, үздік деп таныған. Жыл сайын мұнда жаңа дарынды спортшылар пайда болуда. Ал 2014-ші жылдың жазында Новоишимка ауылы «Ақ бидай» облыстық ойындарын өткізбек.

 

Мағжан Ахмадина