Мәдениет

Сәнді билерден Қазақстан кубогы үшін ашық жарыс өтті

 

 

Балдық биден Қазақстанның ашық кубогы қаламызда осымен 13-ші рет өткізілуде. Тартысты би додасында 5-30 жасқа дейінгі спортшылар өнерлерін көрсетеді. Кирилл мен Марияның би өнерімен шұғылданып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Десе де, балдық биді толық меңгеру оңай шаруа емес, ол асқан төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Ең бастысы біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз дейді олар.

 

Кирилл Новиков, Мария Косанетдинова, Петропавл қаласы:

– Біз би сайысына алғаш рет қатысып отырған жоқпыз. Жетекшіміз бізді күнделікті даярлап, жаттықтырады.

– Үміткерлердің дайындығы жоғары. Би додасында жеңіс төрінен көрінеміз деп ойлаймын. Өйткені біз өнерімізді жақсы шыңдадық.

 

Биді тамашалауға келгендерді ересектермен қатар жас юниорлар да тамсандырып, таңдай қақтырды. Солардың бірі петропавлдық Данил мен Анна.

Бұл жұптың саханада жүргеніне 2 жыл болды. Осы уақытта бірқатар жеңістерге жетіпті. Юниорларды Александра Еремеева мен Юлия Ширкина баулып жүр.

 

Дани Жаукин,  Анна Конапкина, Петропавл қаласы:

-Балдық би жарысынан көптеген жерлерде өз өнерімізді көрсетіп жүрміз. Бүгінгі сайыста жеңімпаздар қатарынан көрінетінімізге кәміл сенемін.

-Жұппен билеу оңай емес, әрине сырт көзге жеңіл көрінеді. Жаныңдағы жұбыңның қимыл-қозғалысымен ілесіп отыру керек.

 

Сайыскерлерге қойылатын талап та жоғары. Бүгінгі би додасын Қазақстан, Ресей, Греция, Испания сынды елдерден келген жоғары санатты халықаралық төрешілер бағалады. Барлығы Қазақстан мен Ресейдің 200-ге жуық би жұбы 12 жас категориясы бойынша сынға түсті.

 

Юрий Мирошниченко, СҚО би спорты федерациясының вице-президенті:

– Үміткерлердің ішінде әсіресе, Петропавл мен Қарағандыдан келгендерді атап өткім келеді. Бүгінгі балдық би сайысы жоғары деңгейде өтуде. Осы сияқты іс-шаралар жастарға әлемнің классикалық музыка мәдениеті мен балдық би өнерін жан-жақты танып, өзара тәжірибе алмасуларына септеседі.

 

Жарыс қорытындысы бойынша петропавлдық бишілер үздік деп танылды. 12 жүлденің 10-ы өзімізде қалды. Мысалы, ересектер арасында Сергей Бурьян мен Лолита Морозова, юниорлар арасында Андрей Байтенов пен Ярослава Кузнецова жеңімпаз атанса, ал жеткіншектер арасында Картал Сердар мен Аял Айлин биіктен көрініп, топ жарды. Қатысушы жұптарға диплом, кубоктар мен медальдар табыс етілді.

 

Бақыт Сәдуақасов