Құрылыс

Петропавлда барлық телефон абоненттері сандық жүйеге көшті

 

 

Бұны тарихи сәт деп айтсақ артық болмас. Осылайша соңғы аналогтық телефон станциясы жұмысын тоқтатты. Бұл дегенің станцияға қарасты 3 мыңнан артық абонент байланыс көзінен жұрдай қалады деген сөз емес. Есесіне ажыратылған желіні соны үлгідегі цифрлық жүйе алмастыратын болды. Өстіп телекоммуникация орталығы заман ағымына сай шежіренің жаңа бетін ашып, қызметтін әртараптандырды.

 

Әлім Шүкенов, “Қазақтелеком” СҚ ОТД бас директоры:

– Бүгіннен бастап облыс орталығы 100 пайыз сандық телефон жүйесіне көшті. Бұл сала енгізіле бастаған  1976 жылы не бары 6 мың абонентке қызмет көрсетілетін. Бүгінде 88 мың нөмір іске қосылған. Қалалықтардың 98 пайызы біздің қызметке жүгінеді.

 

Бұған дейін пайдаланылып келген қондырғылар 22 жыл бұрын орнатылып бүгінге дейін қолданыста болыпты. Тәуелсіздікпен түйедей құрдас құрылғылардың үздіксіз жұмысы тәулік бойы 5 маманның жіті қарауын талап еткен. Қазір бұл шаруаны тек бір-ақ адам басқарады. Ең бастысы тұтынушыға жететін өнім сапасы артып, қызмет аясы әлдеқайда кеңейді.

 

Леонид Якубовский, “Қазақтелеком” СҚ ОТД техникалық директоры:

– Аналогтық станцияда 2 абоненттің сымы жанамалай тартылатын. Өзара механикалық әдіспен біріктірілетін. Бұл желінің ескіруіне әкеліп соқтырады. Жаңаша әдіспен барлық тұтынушыларға бір ғана желі төселеді. Оған түскен сигнал бәріне бірдей аса жоғары жылдамдықпен тарайды. Кең жолақтың сыйымдылығы да аса үлкен. Жаңа жүйе біздің үздіксіз әрі сапалы жұмысымызды қамтамасыз етеді.

 

Бұл жерлестеріміз үшін таңсық емес. Сандық жүйе өңірімізде 1995 жылдан бері ендіріліп, түрленіп келеді.

 

Жеңіс Ермұқанов