Қоғам

Көгершіндер көрмесі

 

 

Бүгінгі әуесқой көгершін өсірушілер көрмесіне Ринат Ярашов Түмен қаласынан арнайы келіпті. Көрмеге бейбітшіліктің белгісі саналатын құстардың 20-дан артық түрін әкелген ол, аталған құстарды өсіріп-баптау оңай жұмыс емес дейді. Мысалы тәлімбаққа ағылшын қысқатұмсықты кептерлерінің жеткізілгеніне 8 жыл болыпты. Бұл құстар дене бітімімен ерекше, тұмсықтары қысқа болып келгендіктен балапандарын өздері тамақтандыра алмайтын көрінеді. Сондықтан оларды қолдан тамақтандыруға тура келеді.

 

Ринат Ярашов, Неёлов тәлімбағының ветеринарлық дәрігері:

– Біздің питомнигіміз Түмен қаласында орналасқан. Бүгінгі кептерлер сайысына 20 көгершінді әкеліп отырмыз. Бұл қанаттыларды Қазақстан мен Ресейде кездестірмейсің, сирек түрлердің бірі. Осыған дейін 1 ай бұрын Қарағанды қаласында өткен турнирге қатысқан болатынбыз.

 

Кептерлер көрмесіне барлығы 50 шақты қанатты жеткізілген. Әсіресе сібірдің ақ көгершіні, ростовтық қызыл кептер, алтайлық және өзбек кептерлері мен павлиндер дене тұрқы мен қауырсындарының ерекшелігімен көзге түсті. Көрмеге келгендердің көпшілігі мұндағы көгершіндердің талайын алғаш рет көріп отыр.

 

-Мен алғаш рет бұндай көрмеге келіп отырмын. Кептерлер көп екен.

-Көрмені ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

-Көгершіндердің көптеген түрлері болады екен. Маған көрме ұнады.

-Алуан түрлі кептерлерді тамашалап таң қалып отырмын.

 

Көрмеге шығарылған кептерлерді Ресей қалаларынан келген және петропавлдық төрешілер бағалады. Дауыс беру жабық түрде өткендіктен қатысушылардың ішінде кім озып алға шыққанын білу мүмкін болмады, тек марапаттау сәтінде ғана үздік құс өсіруші белгілі болды.

Виктор Калеганов, “Возрождение” әуесқой көгершін өсірушілер клубының төрағасы:

– Көрме Петропавл қаласында алғаш рет өтуде. Сайысқа қатысушылар республикамыздың әр аймағы мен көршілес Омбы, Челябі, Қорған, Түмен қалаларынан келді. Кептерлердің көптеген түрлерін кездестіруге болады. Көрмеге келушілер ұнаған құсты сатып алу мүмкіндігіне ие.

 

Көгершін өсірушілер клубы көрермендер көңілінен шыққан құс баптаушыларды диплом және медальдармен марапаттады.

 

Бақыт Сәдуақасов