Құқық қорғау органдары

Алдағы жылы ұлттық превентивтік механизм қолданысқа енгізіледі

 

 

Елімізде ұлттық превентивтік механизм келер жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілмек. Заң жобасының мақсаты – әлімжеттік, зорлық-зомбылық әрекеттерге жол бермеу. Жаңа құжаттың түзету мекемелерінде жүзеге асырылу барысын құқық қорғау органдары мамандары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қадағалайтын болады.

 

Ардақ Жанабілова,қоғамдық бақылау комиссиясы үйлестіру кеңесінің төрайымы, Алматы қаласы:

-Қазір жұмыс тобының ұсынысымен жаңа мүшелер сайланды. Олар тек түзету мекемелеріндегі жағдайды ғана бақылап қоймай, сонымен қатар балалар үйлеріндегі заңдылықтардың да сақталуын қадағалайтын болады.

 

Қазіргі күні қоғамдық бақылау комиссиясы еліміздің әр өңірінде құрылған. Олардың жұмысы зорлық-зомбылыққа жол бермеуге бағытталады.

 

Александр Верстаков, “Перфект” Ақпараттық-Құқықтық Орталығы” ҚҚ төрағасы:

– Мұндай семинар-тренингтер керек деп ойлаймын. Бұл жерде бірнеше саланың мамандары бірлесе отырып, түйткілді мәселенің ортақ шешімін табады. Елімізде адам құқығы бірінші орынға қойылған.

 

Тренинг барысында жаңа механизм жайындағы өз ойларын құқық қорғау органдарының өкілдері де ортаға салды. Өңіріміздегі түзету мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау жөнінде прокуратураға жазасын өтеушілерден түсетін шағымдар аз емес көрінеді. Оның дені сондағы қызметшілердің өктемдіктеріне қатысты.

 

Андрей Бессонов, СҚО түзету мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау прокуроры:

-Жазасын өтеушілерден түсетін арыз-шағымдар аз емес. Олардың ешқайсысы назарсыз қалмайды. Бәрі тексеріледі. Ал келер жылдан бастап күшіне енетін жаңа механизм жағдайды одан әрі қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Ұлттық превентивтік механизмнің жұмысына республикалық бюджеттен 200 миллион теңге бағытталады деп болжанып отыр.

Самат Есмағи