Қоғам

Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін тойлауда (АРНАЙЫ ХАБАР)

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

–  Халқымызға сан ғасырлар арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн -Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Бізді осыған дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде халық жадында сақталған. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға үлес қосқан ірі тұлғалардың есімдері ел есінде. Солардың арқасында бүгіндері Қазақстан аяғына нық тұрған, болашаққа сеніммен қарайтын мемлекетке айналды.

 

Бүгін Қазақстанның тәуелсіздігіне 22 жыл толып отыр. Осынау ұлық мерекеге арналып Петропавлдың орталық алаңында кең көлемді мәдени шара ұйымдастырылды. Жиналған жұртшылықты облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бұл еліміз үшін үлкен мереке. Ата- бабаларымыздың үміті ақталып, бүгін біз бейбіт өмір кешудеміз. Қазір еліміз қарыштап дамып келе жатыр. Оған дәлел ретінде елімізде, өңірімізде орын алып жатқан көптеген жаңалықтарды алуға болады. Солтүстікқазақстандықтарды құттықтаймын.

 

Осыдан 22 жыл бұрын әлем картасында Қазақстан деп аталатын жаңа мемлекет пайда болды. Ал, сол күні дүние есігін ашқан сәбилер қазір 22-ге жеткен жалынды жастар. Олар – Тәуелсіздік құрдастары! Егеменді ел болып, еңсемізді тіктедік. Қазақстанмен бірге жасап, қанат жайған жастардың бірі – Инесса Қуанова.

 

Инесса Қуанова, Тәуелсіздік құрдасы:

– Бүгінгі таңда Еліміз егемендігін алып, жаңа даму кезеңіне түсті. Мен өзімнің тәуелсіздік құрдасы болғанымды мақтан етемін. Бұл өте жауапты, сондықтан келешекте мен ел дамуына сүбелі үлесімді қосамын.

 

Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері мен барша Қазақстан жұртшылығының арман-мұратының салтанат құруы. Бұл күн қазақ елі үшін ерекше қымбат. Егемендік- халқымыздың ең басты құндылығы. 1991 жылдың он алтыншы желтоқсанында Қазақстанның жаңа тарихының беті ашылды. 22 жылда ғасырларға татитын көптеген игі істер атқарылды дейді мерекені тойлауға жиылғандар.

 

– Бүгіндері елімізде жастардың білім алып, жұмыс істеуіне барша жағдай жасалған. Осының барлығы тәуелсіздігіміздің арқасы деп білемін.

-Осынау мерейлі мерекемен барша солтүстікқазақстандықтарды құттықтаймын. Еліміз дамып, гүлдене берсін.

– Қазір Қазақстан дамыған мықты мемлекетке айналды. Ата- бабаларымыз осы күнге жету үшін көп күш жұмсады.

 

Егемендiкке жету жолы қаншалықты қиын болса, сол тәуелсiздiктi сақтап қалу, нығайту ісінің де жүгі соншалықты ауыр. Енді 22 жыл ішінде өз қолымызбен жасаған игілікті істерді жасампаздықпен жалғастыру міндеті тұр алдымызда. Бұны барша қазақстандықтар біледі. Сондықтан шырқалған ән де осы егемен еліміздің жеткен жетістіктерін паш етуде.

Бүгінгі таңда Қазақстан – әлемдегі өркениет жолымен серпінді дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Азат күн кешіп жатқан Отанымыздың көк туы мәңгі желбірей берсін.

 

Берік Қасен, тілші:

– Осы күнде Тәуелсіз Қазақстан Республикасы өзінің 22 жылдығын экономикасы дамыған, әлеуеті өскен мемлекет ретінде қарсы алып отыр. Бұған СҚО сүбелі үлесін қосты. Бүгін Петропавл мен қала қонақтары ұлы мерекені ұлықтауға бір адамдай орталық алаңға жиналды.

 

Рамазановтар отбасы Тәуелсіздік күнін көпшілікпен бірге қарсы алуды жөн көріпті. Мемлекеттік қызметкер болып еңтек ететін Мұрат пен мұғалім Айнаш кішкентай қыздары Бекзатты да ала шыққан. Бүгін елімізде жас отбасылардың жағдайын жасауға, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамтуға айрықша көңіл бөлінеді. Соған қарап риза боламын дейді отабасы ұйытқысы Айнаш.

Той-думанды тамашалап жүрген Рамазановтар сияқты өзге де үлгілі отбасыларға бір қарап, одан кейін діні мен тілі бөлек болса да, жүрегі мен тілегі бір халықтың ортақ мерекені тойлаудағы татулығына қарап тағы бір сүйсінесің. Қазақстан бұл береке -бірлікті сақтап, молайту жолында талай белесті бағындырды. Бәрі де елдің игілігі үшін.

Тәуелсіздік қолымызда. Енді ол қазынаны уыстан шығарып алмай, нығайту қажет. Бұл білімді де жігерлі жастардың мойнында. Ата-бабаның ұрпаққа қасиетті аманатын жас ақын Аманжол Зағыпар өз өлеңдеріне арқау етіп жүр.

Ашық аспан астында қанат жайған кең сахнада бүгін әуезді ән шашылып, жыр төгілді. Патриоттық рухтағы әуендер Тәуелсіздікті көкке дейін әуелеткендей.

 

Бану Ахметова, тілші:

– Республикамыздың басты мерекесі – Тәуелсіздік күнін Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғындары да атап өтті. Бұл күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқандар мемлекеттік наградаларға ие болды.

 

“Менің еркін Қазақстаным” атты тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынды Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі Марат Тасмағанбетов ашты.

Азаттықты аңсаған еліміздің тәуелсіздігі 1991 жылдың дәл осы күні жария етілді. Бұған да, мінекей, 22 жыл толды. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың басқаруымен екі онжылдықтың ішінде өзінің талпынысымен барша әлемге танылып үлгерді. Бұл жетістікке жетуде Қазақстан халқының ұйымшылдығы мен еңбекқорлығының алатын орны ерекше. Тәуелсіздік күнінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғындары да марапатталды.

Облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарына 4 азамат лайықты деп танылды. Жеке кәсіпкер Әлия Ибраеваға облыс әкімінің құрмет грамотасы табыс етілді.

Бұдан кейін ұлтаралық келісімді нығайтуға өзіндік үлесін қосқан 2 азаматқа «Ғ.Мүсірепов ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. “Есіл өңірі” газетінің тұңғыш редакторы Шолпан Салықова бұл сыйлық менің көп жылғы еңбегімнің жемісі дейді.

Ал, Надежда Колковская Ақордада Елбасының қолынан Құрмет орденін алған екен. «Нежинка-Ерке» ЖШС-ң бір бөлімшесінде бригадир болып қызмет ететін ол ауыл шаруашылығы саласына 28 жылын арнапты. Айта кету керек, Надежда Колковская – облыста осындай Құрмет орденіне ие болған жалғыз азамат.

Надежда Колковская, “Нежинка-Ерке” ЖШС мал шаруашылығы бөлімшесінің бригадирі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

–   Бұл тек менің ғана емес, бүкіл ауданның жетістігі деп ойлаймын. Сол себепті, маған қиын кездерде көмектескен жандарға ризашылығымды білдіремін. Әлі де болса ауыл шаруашылығын дамытуда өз үлесімді қоса бермекпін.

Бұдан соң ауылдың дамуына үлес қосқан 3 азамат аудан әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласының еңбекқор азаматтары өз істерін дөңгелетуге мемлекет тарапынан әрдайым қолдау бар екенін айтуда. Олар тәуелсіз мемлекет атанғанымыз еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың арқасы деп біледі. Бірқатары барша қазақстандықтарды ұлы мерекемен құттықтап, игі тілектерін арнады.

 

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.