Аптадағы маңызды жаңалықтар

Желтоқсанның 20-да Индустрияландыру күні өтеді

 

Әзірге келер жылдың еншісіне тигені 79 индустриалдық жоба. Олардың жалпы құны 630 миллиард теңгені құрайды. Оның бәрін жүзеге асыру елдегі жұмыссыздар санын айтырлықтай қысқартуға мүмкіндік бермек. Осыны атап көрсеткен Премьер-Министр тың бастамалар белгіленген межеде іске қосылуы керектігін айтып, оны қадағалауға тиісті министрліктер мен облыс әкімдері тікелей жауапты екендігін атап көрсетті. Жалпы 2014 жылға ұсынылған индустриалдық-инновациялық жобалардың саны 205. Ал талаптарға сай келмегені 126. Олар кері қайтарылыпты, себебі әлі түзетулер енгізу керек. Жиынды қорытындылаған Серік Ахметов облыс әкімдеріне желтоқсанның 20-сы күні Елбасының қатысуымен тікелей эфирде өтетін индустриаландыру күніне әзірлікті тағы бір пысықтауды тапсырды. Себебі бұл күні әр өңір осы жылға белгіленген тың жобалардың тұсауын кесетін болады.Үкімет үйімен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде жалғасын тапты. Келер жылға облыстағы 13 аудан  11 инновациялық жоба ұсынған. Тізімде жоғы Уәлиханов пен Мамлют аудандары. Самат Ескендіров қос әкімге жыл соңына дейін олқылықты оңалтуды міндеттеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Орақ науқанын ойдағыдай аяқтадық. Астықты өткізу ауылшаруашылығы бөлімдері мен серіктестіктердің міндеті. Ал әкімдер болса ендігі жерде келер жылы жүзеге асырылатын ұтқыр инновациялық жобалардың жәй-жапсарын пысықтаулары керек. Осы бағытта жұмыс жасау қажет.

 

Үкімет идея – сізден, қолдау – бізден деп отыр. Сол мүмкіндікті мейлінше пайдалануымыз керек. Жиын түйіні осы.

 

Самат Есмағи