Қоғам

Тәуелсіздік құрдастары

Қазақ елі егемендігін жариялаған сәтте бөркін көкке атпаған адам кемде-кем. Ақ түйенің қарны жарылған күні Ниязовтар әулиетінде қара көз сәби шыр етіп дүние есігін ашты. Кіндік қаны тамған егеменді мемлекет топырағында еңбектеп, нәр алып өскен Шәкіржан бүгінде ел игілігіне жарар азамат болды. Қазір әскери институттың курсанты. Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерімен бірге жетілген ұлан оқу үздігі, қатарластарына үлгі. Болашақ офицер ел мүддесі қамында берік қалқанға айналған қарулы күштер қатарында жүрген әке жолын қуыпты.

 

Шәкіржан Ниязов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:

– Меніңше әр ер азаматтың арманы әскери қызметке тұру. Мен бұл мақсатқа бір табан жақындадым. Болашақ мамандығымда алған білімімді елімнің тыныштығына арнағым келеді. Антыма адал, сертіме берік болып халық мүддесін қорғауға тырысамын.

 

Айбынды Алаш елінің енді бір дарынды ұрпағы Бейбігүл Қазантаева да 22 жыл жасаған Отанымыздың түйдей құрдасы. Еңбек өтілін жаңа оқу жылында қазақ-түрік мектеп лицей-интернатынан бастапты. Үш тілді жетік меңгерген жас маманның шәкірттері физика пәнінің қыр -сырын ағылшынша сусындайды.

Жоғарғы білімін жетілдіру үшін белсенді жерлесіміз өздігінен ізденіп, арнайы курстарда тілін ағылшыншаға сындырған екен.

 

Бейбігүл Қазантаева, дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі:

– СҚМУ-де физика пәнінің мұғалімдігіне тегін оқыдым. Қазір де мамандығым бойынша магистратурада үкімет есебінен білімімді толықтырып жатырмын. Ендігі мақсатым бар білгенімді жастарға үйретіп ел болашағына өз үлесімді қосу.

 

Қазақстан 22 жылда үлкен жетістіктерге жетті. Енді ертеңгі жарқын болашаққа жетелеу саналы тәрбие мен кемел білім алған осындай өрендердің қолында.

 

Жеңіс Ермұқанов