Билік

Тайынша ауданының әкімі тікелей эфирде есеп берді

 

Тайыншалықтар биыл 732 мың тонна егін жинап, облыс бойынша мол астық алған екінші аудан. Мұнда алтын дәнді сақтауға арналған 5 орын мен 1 элеватор бар. Олардың жалпы сыйымдылығы – 385,5 мың тонна. Мұнда 55 ауыл шаруашылығы құрылымы мал өсірумен айналысады. Ағымдағы жылы Тайыншадағы мал басының 4,4 пайызға артқанын да айта кету керек. Аудан әкімі Серік Салтықов алдағы уақытта шағын және орта бинесті дамытуға баса көңіл бөлеміз деп отыр.

 

Серік Салтыков, Тайынша ауданының әкімі:

-Әсіресе, мал шаруашылығына қатысты шағын және орта бизнесті мықтап қолға алмақшымыз. Келер жылы астық пен көкөніс сақтайтын бірқатар орындар ашу жоспарда бар. Және жем-азық егілетін алқаптарды қалпына келтіру керек.

 

Аудан әкімінің қызметіне тағайындалғанына 6 ай ғана уақыт болған екен. Сабырлы, салмақты азамат сияқты. Асықпай сөйлейтіні тағы бар. Тек 12 беттік баяндамасын оқып бітіргенше, шынын айту керек, іш пысып кетті. Серік Салтықов аудандағы елді мекендердің тыныс-тіршілігін барынша қамтуға тырысқан. Осал тұстар да баршылық. Мәселен, жыры бітпеген “Биохимнің” мәселесі.

 

Серік Салтыков, Тайынша ауданының әкімі:

-Негізі  “Биохим” зауыты 2-ақ жыл жұмыс істеді. Кезінде оны ашуға мемлекеттен 100 млн. доллар қыруар қаржы құйылып еді. Қазір “Биохим” жұмыс істеп тұрған жоқ. Ол Қазақстанның даму банкінде кепілдікте. Зауыттың мәселесі республикалық деңгейде қарастырылып жатыр.

 

Брифингте бұл жолы әкімнің баяндамасына эфирдің көп уақыты беріліп қойған сияқты. Сол себептен шығар, журналистердің сұрақтарына шамалы ғана уақыт қалды. Тілшілер де аз келіпті. Бас-аяғы 4 сұрақ қойылды. Соның бірі Тайынша ауданындағы мектептің ашылуына қатысты. Мұнда қазақ тілді жалғыз мектеп бар екен. Оның өзінде балалар үш ауысыммен оқиды.

Брифингте, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жалақы мәселесі де көтерілді. Серік Салтықов олардың айлығы 20 мың теңгеге өсіп, соңғы уақытта 70 мың теңге құрағанын айтты.

 

Данаш Хамзина