Бизнес және экономика

Облыстың 2014 жылғы бюджеті бекітілді

 

 

Жиында алдымен келер жылдың бюджеті талқыға салынды. 2014-те өңір қазынасы 117 млрд. теңгені құрамақ. Бұл қаржының салаларға жіктелуі жөнінен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Өтеуленова құлағдар етті. Бар шығынның 54 пайызы әлеуметтік мұқтаждықтарға жұмсалмақ.

 

Айгүл Өтеуленова, СҚО экономика және бюджетік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жалпы әлеуметтік бастамаларға 47 млрд теңге бағытталады. Оның 32 млрд теңгесі білім саласына қарастырылған. Денсаулық сақтау жүйесіне 6 млрд теңге құйылады. Халықты әлеуметтік қорғауға, мемлекеттік мекемелерді ұстауға 3 млрд теңге жұмсалмақ. Спорт пен мәдениеттің дамуына да осынша ақша бөлінеді.

 

Аграрлық өңірдің ауыл шаруашылығын жетілдіруге қазынадан 16 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылмақшы. Облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жаңғырту назарсыз қалмаған. Бұл мақсатқа 4,5 млрд теңгеге тарта қаражат бөлу межеленген. Халық қалаулылары ұсынысты бір ауыздан қолдап, бюджет осы күйінде бекітілді. Жиында сөз алған облыс әкімі өңіріміздің әлеуметтік- экономикалық әлеуеті қарқынды даму үстінде деді. Бұған үстіміздегі жылғы әр саладағы өсім дәлел.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Құрметті жерлестер, биыл қыруар игі іс тындырылып, тың бастамалар жүзеге асты. Бұл бірлігі жарасқан солтүстікқазақстандықтардың ортақ еңбегі. Бұнымен тоқталмай, болашағымызды саралап, мәселелердің алдын алатын жоспар құрып қойдық. Десе де жылдық құжаттың соңғы нүктесі қойылған жоқ. Бүгінгі қайнаған өмір түрлі тосын сый әкелері хақ. Оларды уақытында шешу үшін жоспарға бірқатар өзгерістер енгізіледі. Ендігі мақсат – бір адамдай жұмылып оны іске асыру.

 

Сондай-ақ сессияда қоршаған ортаға төленетін эмиссия құнын 15 пайызға өсіру ұсынысы жасалды. Табихат сақшылары техногендік су көздерін пайдалану тарифін ұлғайтуға сұрау жасады. Бұл мәселелер келесі отырыста қаралатын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов