Спорт

Солтүстікқазақстандық кикбоксшы Азамат Нүрпейісов – әлем чемпионатының күміс жүлдегері

 

Күннің суықтығына қарамастан Азамат Нүрпейісовты қарсы алушылардың қатары қалың. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Түркиядан кезекті күміс алқамен оралды. Дегенмен, бұл жолғысының орны бөлек. Кикбокстан өткен әлем чемпионатында былғары қолғап шебері 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Кикбоксшыны жеңісімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

Анталия қаласында қарашаның 30-ы мен желтоқсанның 9-ы аралығында өткен байрақты додада ел құрамасы үздік үштіктің қатарына кірді. Жалпыкомандалық есепте біздің кикбоксшылар 4 алтын, 2 күміс медаль еншілеген. Бұндай жоғары көрсеткішке біздің құрама алғаш рет қол жеткізіп отыр.

 

Әділ Нұржауыпов, СҚО аға жаттықтырушысы:

– Байрақты бәсекеге әлемнің 69 елінен мықтылар келді. Ол 1100-ден артық спортшы. Біздің Азамат Нүрпейісов 81 келі салмақ дәрежесінде алғаш рет шаршы алаңға шығып, күміс медаль еншіледі. Бұған дейін ол 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен.

 

Азамат бұл жеңісін ҚР Тәуелсіздігі күніне арнайды.

 

Сырым Демесінов