ТКШ

“ТКШ жаңғырту” бағдарламасын жүзеге асыру барысы бақылауда

 

“Тұрғын үй-комуналдық шаруашылығын жаңғырту” мемлекеттік бағдарламасы баспаналарды қайта қалпына келтірудің бірден бір тетігі болып есептеледі. Оның аясында 3 жылда облыста 100 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен бұл істе шикіліктер де жоқ емес. Олардың бірі – мемлекеттік бағдарламаның аясында үйлерді күрделі жөндеуді қолға алған мердігерлерге қатысты. Бұл проблемалар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен қаржы полицейлері бірлесіп өткізген “Азаматтық бақылау” акциясы аясында белгілі болып отыр.

 

Сайран Хамзин, “Нұр Отан” партиясы СҚОФ жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Петропавлда мемлекеттік бағдарлама аясында үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта бұл шаруа 15 көпқабатты баспанада жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарын бақылау мақсатында 7 бекет құрылды. Ондағы комиссия мүшелері әр апта сайын мониторинг жүргізіп отырады.

 

Баспаналарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына жыл сайын қомақты қаражат бөлінетіні рас-ақ. Бірақ, осы іспен айналысатын көп мердігерлердің жұмысы ақсап тұр. Олар өздеріне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарамайтын сияқты. Мәселен, қалаладағы көпқабатты 4 үйде жөндеу жұмыстары басталғанымен, соңына дейін аяқталмаған. Бұл іске басты мердігер “Эзар” ЖШС жауапты болатын. Құрылысшылардың жауапсыздығынан Мир, 229, Шухов, 30, Медьведев, 4, Батыр Баян, 61 мекен-жайларындағы пәтер иелері зардап шегуде. Қазіргі таңда фактіге қатысты сараптама жұмыстары жүріп жатыр.

“Азаматтық бақылау” акциясы бағдарламаның жүзеге асу барысын қадағалау және жемқорлыққа жол бермеу мақсатында үстіміздегі жылдың тамыз айынан қолға алынған болатын. Ал, келесі жылы «Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында тағы 40 баспана қалпына келтіріледі деп жоспарланып отыр.

 

Бану Ахметова