Энергетика

Петропавлдықтар энергетиктерге 140 млн теңгеден астам қарыз

 

 

Мына баспанада тұратын борышкер энергетиктерге 260 мың теңге берешек болып қалған. Бұл сома 2009 жылдан бері жиналып келеді. Қарызға белшеден батқан баспана иесі – жеке кәсіпкер. Сөйте тұра, пайдаланған коммуналдық қызметтерінің ақысын өтеуге асығар емес. Әдеттегідей, баспана иесі үйінде болмай шықты. Энергетиктер мен сот орындаушыларын дөрекі қарсы алған борышкердің қызы.

 

Азат Бекқожин, СҚО сот актілерін орындау бойынша департаментінің сот орындаушысы:

-Біз оның қозғалмайтын мүлкін тәркілейміз.

 

Сот орындаушыларына жүгіну, борышкерлердің мүлкін саудаға шығарып сатудан бөлек, энергетиктердің өздері де түрлі амалдарға баруға мәжбүр. Мысалы, энергия тарататын мекеме 2013 жылдың 10 айында қарызы бар 3500-ден астам тұрғынның пәтерлерін жарықтан айырған.

 

Мағауия Сағындықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС директоры:

-Энергия бұл да тауардың бір түрі. Сондықтан, энергия көзін тұтынатын әр адам қарызын әр айдың 25-ші күніне дейін төлеуі қажет. Жалпы жинақталған дебиторлық қарызды 1-ші желтоқсанға дейін есептедік. Көрсеткіш нашар. Петропавл тұрғындары электр қуатына 60 млн теңге, жылуға 81 млн. теңге қарыз.

 

Электр қуатынан ажырату қиындық туғызбағанымен, жылу жайы мүлде бөлек. Көпқабатты үйлерде жеке пәтерді желіден ағытып тастауға келмейді.

 

Мағауия Сағындықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС директоры:

-Осындай қиын жағдайдан шығу үшін біз үнемі СҚО сот актілерін орындау бойынша департаментіне көмекке жүгінеміз. Онда 892 құжат тапсырдық. Борышкерлерден өндірілетін қарыздың жалпы сомасы 38,5 млн теңгені құрайды. Қарыз уақытында өтелмеген жағдайда сот орындаушылары борышкердің жылжымайтын мүлігін, көлігін, тұрмыстық техникасын тәркілеуге дейін барады.

 

Азат Бекқожин, СҚО сот актілерін орындау бойынша департаментінің сот орындаушысы:

-Мәселен, Кәрім Сүтішев 57, 35-ші пәтер иесі жарық үшін “Севказэнергосбыт” серіктестігіне 306 мың 300 теңге қарыз. Бостандық көшесіндегі 22 үй, 47-ші пәтердің иесі Евгений Шаракин 193 мың теңге қарызын 50 ай бойы төлемеген. Және бүгінде жеке кәсіпкер Владимир Шпактың борышы 260 мың теңгені құрайды.

Берік Қасен