Құрылыс

Жаңа интернет портал өлке тарихына арналды

 

 

Өңір  тарихы біршама зерттелген. Десек те өткенді тың деректермен одан әрі толықтыру қажет. Өлке тарихына соңғы жетістіктер мен бүгінде нақтыланған материалдар да енуі тиіс.

 

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:

-Тарихты тереңдете зерттеу өскелең ұрпақ үшін қажет. Олар осыған дейін жазылған деректермен шектеліп қалмаулары тиіс. Жалпы қазақтың жері ұлан-ғайыр оның бәрін зерттеп-зерделеп болдық деп айтуға әлі ерте. Оны тарихшылардың өздері де жоққа шығармайды. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыру керек.

 

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бұл бағытта “Заман таспасы” атты жаңа интернет жобаны әзірлеп шығарған. Кеңес отырысында оның тұсауы кесіліп, жиынға қатысушыларға жан-жақты таныстырылды.

 

Оңдасын Әшімов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:

-Онлайн сайт сегіз бөлімнен тұрады. Жинаққа тас ғасырынан бастап күні бүгінге дейінгі айшықты оқиғаларды енгіздік. Интернет желісін пайдаланушылар жобадан өздеріне қатысты материалдарды алып қана қоймай, өз пікірлері мен ұсыныстарын жасау мүмкіндігіне де ие. Ондағы мақсат сайтты тың деректермен толықтырып отыру.

 

Тың жобадан құлағдар болған кеңес мүшелері  материалдың сұранысқа ие болатындығына сенімді.

Ұлттық тарихты зерделеу тұрғысында өңір педагогтарының атқарып жатқан жұмыстары қандай. Ол жайында кеңес мүшелерін облыстық білім басқармасының жетекшісі құлағдар етті.

Жиында қаралған соңғы сұрақ ол 2014-2016 жылдарға арналған өңірлік өлкетану бағдарламасы. Бүгінде жұмыс істеп тұрған үлкенді-кішілі мұражайлардағы жәдігерлерді тың деректермен толықтыру, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуде ашық аспан астындағы мұражай құру көзделген. Жоспарды жүзеге асыру үшін шамамен 110 миллион теңге қаражат қажет деп атап көрсетті мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы. Бағдарламаны әлі де жан-жақты салмақтау керек, себебі кемшін тұстары көп деді кеңес мүшелері.

 

Самат Есмағи