Қоғам

Су қорын пайдалану мәселелеріне арналған конференция

Сарапшылардың есептеуінше өңіріміздегі таза ауыз су қоры 524 текше км-ді құрайды. Мәселен өңір арқылы өтетін Есіл өзенінің ағысы секундына 2,5 текше км., жер асты суларынікі 63 мың текше метр. Бұл жан басына шаққанда тәулігіне 100 литрге де жетпейді екен. Өндіріс қарқынының өсуімен алдағы уақытта тіршіліктің қайнар көзіне деген қажеттілік үш есе артады деп болжануда. Сондықтан бүгіннен судың да сұрауы бар екендігін жақсы түсініп, ысырап қылмай, ұқыптап пайдаланған абзал. Бұл техногендік су көздеріне де тікелей қатысты мәселе.

 

Павел Дмитриев, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ кафедра меңгерушісі:

– Су тапшылығы бұл ғаламдық мәселе. Біздің өңір өзен-көлдерге бай саналады. Бірақ жыл санап су көздері үлкен қарқынмен азайып жатыр. Бүгінде көлдер 2 мыңның үстінде. Біршамасы ішуге жарамды. Көбін ауыл шаруашылығына пайдаланамыз. Ондағы саздардың өзі медицина саласына пайдаланылады. Үнемдемесек, бұл құндылықтарымыздан айырылып қаламыз.

 

Бүгінде петропавлдықтардың 55 пайызы суға есептегіш құрылғыларын орнатыпты. Ол заман талабынан бұрын, қызмет шығынын қысқартуды көздейтін бастама. Орта есеппен әр адам айына 4 текше метр су тұтынатын көрінеді. Сараланған тариф саясаты да аса құнды тіршілік көзін жұмсауды үнемдеудің қамында жасалып отырған дүние. Бұл төңіректе техникалық жарақтандыру да аса маңызды. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын төселген үлестіргіш желілердің қолданыс уақыты өткелі қашан. Коммуналдық қызметті таратқыш магистральдардың көп бөлігі әбден тозып істен шықты. Қиындығы осыда. Толықтай жаңасына алмастыру керек.

Қандай суды пайдаланып келеміз? Бұл да айналып өтетін мәселе емес. Асқа жарамды деп ішіп отырғанымыз санитарлық талаптарға сай ма? Мәселен бар сараптамалардың 40 пайызы судың құрамында тұқым қуалайтын аурулардың бар екендігін көрсетіп отыр.

 

Александр Казанцев, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

– Суды құр тазарту аздық етеді. Құрамында макро-микро элементтер болуы керек. Қандай азықты алып қарамасақ та табиғи йод табылмайды. Бұл ағзаға аса пайдалы ерітінді. Оның жетіспеушілігі түрлі сырқаттарға әкеліп соғады. Сондықтан судың құрамына галийод дәруменін қосу керек. Бұл тәжірибе бүгінде өңірімізде енді қолға алынып жатыр.

 

Су ресурстарын үнемдеп, қызмет сапасын жетілдіре түсу. Жиынға қатысушылар бір ауыздан осындай байламға келіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығарды.

 

Жеңіс Ермұқанов