Билік

Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі тікелей эфирде есеп берді

 

 

Үстіміздегі жылы Ғ.Мүсірепов ауданында 3 жаңа шағын элеватор іске қосылған. Астық сақтау орындары 527 мың тонна өнім қабылдауға қауқарлы. Ендігі жылы тағы 2-уін салу жоспарда бар. Ауданда 71 өнеркәсіп кәсіпорыны жұмыс істейді. 2013 жылдың 11 айында олар 11 млрд теңгенің өнімін шығарған. БАҚ өкілдері Марат Тасмағанбетовтен аудандағы жол, жарықтандыру мәселелері қалай шешіліп жатқандығын сұрастырды. Бір өкініштісі, сауал мемлекеттік тілде жолданғанымен аудан басшысы оған орыс тілінде жауап қатты.

 

Мағжан Ахмадина, Муниципалдық телеарна тілшісі:

-Шал ақын ауданынан сіздердің ауданға кіре беріс жолдың жағдайы сын көтермейді, сол мәселе қашан шешімін табады?

 

Марат Тасмағанбетов, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

-Шынымен де, Шал ақын ауданынан кіре беріс 9 шақырым жолдың жағдайы мүшкіл. Ол республикалық маңыздағы жол санатына жатады. Петропавл-Жезқазған трассасының аталған бөлігіне 2010  жылы жөндеу жүргізілген. Бірақ ол учаскеге күрделі жөндеу қажет. Қазір жобалық-сметалық құжат жасалды. Сондықтан келесі жылы бұл мәселе шешімін табады деген ойдамын.

 

Новоишимка селосында қазақ мектебін салу мәселесі осыдан біраз уақыт бұрын көтерілген еді. Бұл сауалдың шешімі қазіргі таңда қандай деңгейде, төртінші билік өкілдері Марат Тасмағанбетовтен мұның да жауабын сұрастырды.

 

Марат Тасмағанбетов, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

-Облыс әкімі Самат Ескендіровтың тапсырмасымен қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Мектеп 400 орынға шақталған, тағы 200 орындық интернат бар. Бүгіндері жер телімі бөлінді.

 

Жалпы Ғ.Мүсірепов ауданы өңіріміздегі іргелі аймақтардың бірі. Сондықтан ауданды талай жылдан бері басқарып келе жатқан Марат Тасмағанбетов журналистердің барлық сауалына тұшымды жауап қайтара алды. Ендігі кезекте тікелей эфирдегі БАҚ өкілдерінің сауалына желтоқсанның 13-інде Тайынша ауданының әкімі жауап беретін болады.

 

Мағжан Ахмадина