Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бюджет қаржысы толық игерілуі керек

 

Қаржының артуы экономиканы дамытудың бірден-бір кепілі. Бұл ретте айналымдағы ақшадан түсетін салық уақтылы жиналып отыруы керек. Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанындағы мәліметтерге сүйенсек, қалалық және аудандық салық – 92,5, облыстық бюджет 91 пайызға орындалған. Екеуін де 100 пайызға жеткізу үшін әлі 1 миллиард 92 миллион теңге қаржы қажет деп атап көрсетті облыстық салық департаментінің басшысы өз хабарламасында.

 

Қайрат Жолмұхамбетов, СҚО салық департаментінің жетекшісі:

-Бұл ретте 8 аудан көш соңында келеді. Тайынша ауданында салық жинау бүгінгі күні – 79,3, Айыртауда -83,8,  Уәлихановта – 86,1, Есілде – 86,7, Жамбылда – 88,3. Жұмабаев пен Аққайыңда  – 88,6, Шал ақында бұл жұмыстар 89,1 пайызға орындалды.

 

Жоспар бойынша бұл көрсеткіш бүгінгі күні 98 пайыз шамасында болуы керек. Алайда оған аудан атқамінерлері кертартпалық танытуда. Бұған себеп не. Оны аудан әкімдері селекторлық байланыс барысында баян етті. Сын садағына алғашқы болып іліккендердің бірі тайыншалықтар. Ондағы орташа жалақы мөлшері 53100 теңгені құрайды.

Мұндай олқылықтар өзге аудандарда да бар. Бірі жалақы мөлшерін көтерген, бірақ ол жалдамалы жұмысшы күшін қысқарту арқылы жүзеге асыпты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жылды аяқтауға шамалы уақыт қалды. Етек- жеңімізді жинап, мәселені оңалтуымыз қажет. Өңіріміздегі жалақы мөлшерінің төмендігі Астанада өткен брифингте де айтылды. Ол сын баршамызға ортақ. Еңбекақыны арттырып қана қоймай, сонымен қатар жұмыссыздар санын да қысқартуымыз керек. Бұл ретте мемлекет тарапынан бағытталған қолдау өткен жылғымен салыстырғанда 4 есеге өсті. Ал оның қайтарымы болуы шарт. Осыны ұмытпаңыздар.

 

Селекторлық кеңесте қаралған екінші мәселе облыс бюджетінің шығыс және кіріс бөліктерінің орындалуына қатысты. Ол туралы жиынға қатысушыларды қаржы басқармасының басшысы құлағдар етті.

 

Ескен Мырзахметов, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

-Мақсатты республикалық трансферттің игерілуі 91,2 пайыз. Жаратылмаған қаржы 2 миллиард 840 миллион теңге. Несиенің игерілуі 96,2 пайыз. Қалған сома 64 миллион теңге. Жергілікті бюджет 98,3 пайызға орындалды. Аудандық бюджеттер бұл жұмыстарды 95,5 пайызға жүзеге асырды. Мақсатты транферттерді олар 89,4 пайызға игерді. Облыс бюджетін жарату жұмыстары 97,9 құрады.

 

Қаржының толыққанды жұмсалмауына себептер көп. Оған бірінші кезекте жұмыс актілерінің уақтылы өткізілмеуі, кестеден кешігушілік, мемлекеттік сатып алу мен тіркеу жұмыстарының белгіленген мерзімде орындалмауы қолбайлау болған. Олардың барлығы құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында орын алыпты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің игерілу барысы төмен. Әсіресе аудандарда. Ол келер жылдың бюджетіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі кім қанша соманы жаратпаса, оны 2014 жылдың бюджетінен кесіп тастаудан басқа амал қалмайды.

 

Селекторлық байланыста өңір басшысының сынына  іліккен аудан әкімдері олқылықтардың орнын толтырамыз деп ақталуға тырысты. Алайда 11 айда еңсерілмеген соманы 10 күн ішінде кәдеге жаратамын деген бос қиялға ұқсайды. “Еңбекпен қамту-2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаншалықты. Ол жайында жиынға қатысушылар Асқар Сақыпкереевтың хабарламасынан құлағдар болды.

 

Асқар Сақыпкереев, еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі:

-Өңірімізге аталмыш бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен бағытталған қаражат 4 миллиард теңгеге жуық. Қаржының 1 желтоқсанға дейінгі игерілген сомасы 87,8 пайызды құрайды. Бүгінгі күні биылға жоспарланған 99 жобаның 91-де жұмыс толығымен аяқталды. Қызылжар, Шал ақын, Жамбыл аудандары көш соңында қалып отыр.

 

Самат Ескендіров аталмыш аудан басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды желтоқсанның 25-дейін тұйықтауды міндеттеді. Облыстық селекторлық кеңесте қаралған соңғы сұрақ ол тұрғындар алдындағы еңбекақы қарызына қатысты. Ол шаш етектен.

 

Амантай Сейфуллин, СҚО мемлекеттің еңбек инспекциясының жетекшісі:

-Жыл басынан облыс көлемінде 172 кәсіпорынды тексердік. Олардың жұмысшылар алдындағы жалақы берешегі 509 миллион теңгенің үстінде. Дені қарыздарын жауып үлгерді. Бүгінгі күні 17 кәсіпорын әлі толық есеп айрысқан жоқ еңбеккерлермен. Ол сома 93 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар тағы 5 кәсіпорын қатаң бақылауға алынды, бұқараға берешектері 31 миллион теңге.

 

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы жұмысшылар алдындағы берешек толығымен жабылауы керектігін ескертті жауапты тұлғаларға. Тәуелсіздік күні, жаңа жыл мерекесін өңір тұрғындары жақсы көңіл күймен қарсы алулары керек.

 

Самат Есмағи