Құқық қорғау органдары

Бұзақылар көшедегі жарнамаларды қиратуда

 

 

Мынау – М.Жұмабаев көшесінде тұрған дүкеннің келбеті. Оның қабырғасындағы жарнамадан жырым-жырым болған қалдығы ғана қалыпты. Бұны көрген Станислав Цуркан жағасын ұстап отыр.

 

Станислав Цуркан, «Galanz bottlers» компаниясының супервайзері:

-Мынау – сұмдық жағдай. Әдепсіздерге айтарым, бұл тек біз үшін ғана емес, қала көркі үшін жасалған дүние. Барлығымыз да әдемі жерде тұрғымыз келеді.

 

Өкінішке қарай, осындай сұрықсыз істер Петропавлда соңғы уақытта жиілеп кетті. Өткен аптада ғана бұзақылар орталық көшедегі жасөспірім қыздың мүсінін бүлдірген болатын. Қазіргі күнде оларға “Әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа” табылмай отыр.

Бүгінге дейін мұндай бірде-бір бұзақы қылмыс үстінде ұсталмаған. Олар көшедегі бейнекамераларға да түспей қалыпты. Бұл жерде бар жауапкершілікті тәртіп сақшыларына ғана артып қоймай, өзіміз туралы да ойлансақ. Бұзақылардың мұндай ісін көрсек, үндемеудің қажеті жоқ. Өйткені, олар облыс орталығының көркіне нұқсан келтіруде. Ал, нақты вандализм бойынша Петропавлда биыл 2 факті тіркелген.

 

Арман Құтұшев, Петропавл қаласы ІІБ басшысының орынбасары:

-Біреуінде, 2 адам Жамбыл көшесінің бойындағы сәнді қоршауды бұзса, екіншісінде, ер адам Жұмысшы кентінде зираттағы қабірдің басынан шынжырларды алып келе жатқан жерінде ұсталды. Олардың барлығы тиісті жазасын алды.

 

Қазір Петропавлдағы көрікті орындарға деген бақылауды тәртіп сақшылары күшейтті. Полиция қызметкерлері вандализм үшін 500 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, әрі кетсе 4 айға дейін қамауға алу жауапкершілігі қарастырылған дейді. Ірі көлемдегі шығын келтірілсе, тентектер темір тордың ар жағына 7 жылға тоғытылуы мүмкін.

 

Данаш Хамзина