Қоғам

Солтүстікқазақстандықтардың 45 пайызы ғана мемлекеттік тілді меңгерген

 

 

Биыл мемлекеттік тілді үйренуге 2500-ден астам мемлекеттік қызметші мен облыс тұрғындары ниет танытыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда біршама жоғары. 2013 жылы “Казтест” сынағынан 6 мыңнан астам жерлесіміз өтіп, 117-сі қазақ тілін орта деңгейде меңгерді деген сертификатқа ие болған. Сынақтан 6 ауданның мемлекеттік қызметшілері де шет қалмапты.

 

Кемел Оспанов, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы:

-Тестке 2 142 адам қатысты. 117 тыңдаушы В1 сертификатына ие болды. “Казтест” жүйесі ҰБТ-ның негізінде жасалған. Оның ішіне біз өңіріміздің жағдайына байланысты шамалап Білім және ғылым министрлігімен келісе отырып өзгерістер енгіздік. Бүгінгі күнге дейін барлық мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері тегін қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқып жатыр.Оның ішінде 69 топ мемлекеттік тілді игеруде. 1 топ орыс тілін иегеремін деген оралмандарға арналған. Және 3 топ ағылшын тілінде.

 

Бұдан өзге басқарма мамандары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Аққайың және Шал ақын аудандарында семинарлар өткізді. Іс жүргізетін мамандармен кездесіп, қай бағытта қалай жұмыс істеу керектігін түсіндірген. “Келісіп пішкен тон, келте болмас” дегендей, 10 айдың ішінде жергілікті басқарма 280 жарнама агенттігімен тығыз жұмыс жүргізген. Нәтижесінде көшелерде ілінетін көрнекі ақпараттар біршама түзелді. Барлық бағыттағы автобустар да тексерістен өтіп, қателіктер жойылды. Жалпы тіл мамандары прокуратурамен келісіп, биыл 160 мекемені тексерістен өткізген.

 

Кемел Оспанов, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы:

-Оның ішінде біз негізінен білім саласындағы іс қағаздардың мемлекеттік тілде қандай деңгейде жүргізілуін тексердік. Сосын мемлекеттік деңгейде жүргізілетін іс-қағаздардың және көрнекі ақпаратқа қатысты қателіктер тексеріліп отырылады. Және тексерістің қорытындысы бойынша анықтама жазылады. Онда жіберілген қателіктердің барлығы көрсетілген. Біз мекеме басшысының атына хат жазып, 1 ай көлемінде олқылықты түзеуге уақыт беріледі.

 

Жалпы соңғы 10 айда өңір кәсіпорындарында қазақ тіліндегі кіріс құжаттарының үлесі – 77, ал шығыс құжаттары 98 пайызға жеткен. Сонымен қатар жуықта қала, аудан, ауыл мектептері мен көше атауларын қазақшалауға қатысты облыстық ономастикалық комисияда 4 сұрақ қаралыпты.

 

Кемел Оспанов, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы:

– Оның ішінде №20 мектепке Жұмабек Тәшеновтың атын беру, классикалық гимназияға Сафуан Шаймерденовтың атын беру туралы, Есіл ауданы Николаевка орта мектебіне Асқар Елебаевтың. Осы 3 мәселе облыстық ономастика комиссиясында қолдау тауып, мемлекеттік ономастика комиссиясына жолданды. Бұл жұмысқа аудандар да атсалысу керек. Қазірде көше атауларын өзгертуге байланысты қағидалар жасалып жатыр.

 

Және тілдерді дамыту басқармасы ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың тарихты жаңғырту арқылы ұрпақтар сабақтастығын дамыту тапсырмасын да ұмытпапты. Осы орайда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ  профессоры Зарқын Тайшыбайдың бастамасымен “Сыр сандығым – Қызылжар” атты кітап жарық көрді.

 

Берік Қасен