Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандықтар омбылықтармен бірге Олимпиада алауын қарсы алды

 

XXII қысқы Олимпиада ойындары 2014 жылы қаңтарда Сочиде өтпек. Бүгінде Греция елінде жағылған алау алып Ресейдің түрлі өңірлерін аралап жүр. Барша ресейліктерді қуаттандырған алау Омбыға жетті. Сочи Олимпиадасы алауының Омбыдағы эстафетасына арналған мерекелік шараға губернатор Виктор Назаровтың арнайы шақыруымен өңір басшысы Самат Ескендіров қатысты. Олимпиада алауын жағу салтанаты қаланың Собор алаңында ұйымдастырылып, эстафетаға 195 адам қатысты.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Омбы облысының барша халқын құттықтаймын. Өйткені осы өңірдің тарихында алғаш рет Олимпиада алауы келіп отыр. Бұл маңызды шарадан біз де шет қалмауды жөн көрдік. Әдейі ерте келіп, алауды жағу салтанатын тамашаладық. Өз атымыздан, Ресейдің құрама командасына тек жеңіс, үлкен жетістіктер тілейміз.

 

Омбыдағы мерекелік отшашудан кейін олимпиада алауы Түмен қаласына жол тартты. Осы күні шекаралас жатқан өңірлер спорттан өзге, мәдени, экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі. Жақында Русская Поляна – Қызыл ту бағыты бойынша ұзындығы 100 шақырымды құрайтын теміржол учаскесін қайта қалпына келтіру жөнінде келісім жасалған. Екі облыстың арасында тікелей қатынайтын теміржол бағыты жүк тасымалы, оның ішінде құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау қарқынын арттыра түспек.

Гүлмира Шоқтыбаева