Қоғам

Қоғамдық тыңдауда мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселелері қаралды

 

“Нұр Отан” партиясының ғимаратында өткен қоғамдық тыңдаулар жарымжандардың мәселелерін шешіп, жағдай жасауға негізделген. Облыс орталығында шамамен мүмкіндігі шектеулі 10 мың адам тұрады. Бүгінде әлеуметтік инфрақұрылымның 319 нысаны мүгедектерге қолжетімділігі жөнінен тексерілді. Оның ішінде 163-і мемлекет меншігінде және 156-сы жеке меншік иелігіндегі ғимараттар. Мүгедектер үшін жарамды 5 нысан анықталса, ішінара қолжетімдісі – 253, 61-і жарымжанжардың жүріп-тұруына мүлдем жарамсыз деп танылды.

 

Мереке Мұхамедияров, Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Түрлі ұйымдар және кәсіпорын басшыларымен объектілерді қолжетімді ету үшін сметалық құжаттар жасалып, қаржыландыру көлемдері есептелуде. Жедел есептер бойынша тексерілген ғимараттарда мүгедектерге арналған жағдайлар жасау үшін шамамен 919,3 млн теңге қажет.

 

Бүгінде облыс орталығында мүгедектерге ыңғайлы етіп жасалған 10 аялдама бар. Келер жылдың соңына дейін қала бойынша оның тағы 10-ы орнатылады. Осы күні мүгедек жолаушыларды тасымалдайтын қалалық “Әлеуметтік такси” қызметіне арнайы құрылғылары бар 2 жаңа “Фольксваген” көлігі берілді. Игі шаралар келер жылы да жалғасын табады. Қоғамдық тыңдау барысында мүгедектердің көптеген өзекті мәселелері де көтерілді. Отырыста көтерілген сұрақтар назарсыз қалмайды деп сендірді шенеуніктер.