Білім

Оқушылар арасындағы ғылыми жобалар байқауы

 

 

Ғылыми жобалар байқауының облыстық іріктеу кезеңіне өңірдің жалпы білім беретін барлық мектептері қатысып жатыр. Жоғары сыныптарда оқып жүрген жас дарындар өздерін осыған дейін де аудан мен қалалық маңызы бар пәндік байқауларда  танытып үлгерген.

Назира Әбішева биология секциясында “Адам өміріне әсер ететін қазіргі кездегі факторлар” атты жобасын ұсынуда. Ол дамыған елдерден салыстырмалы түрде Жапония мен Қытайды алып, олардың өмір сүру ұзақтығын зерттеген. Назираның айтуынша, шетелдіктер үнемі күлімсіреп жүреді, күнделікті рациондарына құнарлы тамақты пайдаланады. Және аздаған порциялармен күніне бірнеше рет жүрек жалғап отырғанды жөн санайды. Ұзақ жасаған қарттар өңірімізде де баршылық. Олардың тізімін қалалық әкімдіктен алыпты. Арасында тіпті 115 жастан асқан ақсақалдар мен кейуаналар бар.

 

Назира Әбішева, қалалық № 20 орта мектеп оқушысы:

-Қала әкімдігі маған ұзақ өмір сүрген 12 адамның тізімі мен мекен-жайын берді. Олардың ішінде мен 3 адамды таңдап алдым. Оның ішінде 115 жыл ғұмыр кешкен Қадиша Уажанова деген жерлесіміз бар. Ол кісілерге ұзақ өмір сүрудің сыры неде деген сұрақ қойдым. Олар көбінесе белсенді өмір сүру және тағам раионында көбірек сүт өнімдерін пайдаланған. Себебі, сүтте лактобактериялар бар. Ол ұзақ өмір ғұмыр кешуге пайдасын тигізеді.

 

Облыстық ғылыми жобалар байқауына келгендер физика, техника, экономика, химия, қоршаған ортаны қорғау, адам денсаулығы, өлкетану, этноәдебиет сынды 16 бағытты қамтитын 14 секцияға бөлінді. Дана Құлова “Мақал-мәтелдердегі қазақ халқының менталитеті” тақырыбын жобаға арқау еткен. Саумалкөл №1 орта мектебінің 9-сынып оқушысы ауызекі сөйлеу тілінде қолданыстан жоғалып бара жатқан қазақ халқының мақал-мәтелдерін жаңғыртқысы келген. Оны бұл байқауда тәлімгері қолдап жүр.

 

Айжан Байтенова, жоба жетекшісі, Саумалкөл №1 орта мектебінің мұғалімі, Айыртау ауданы

– Бұл әр тақырыптағы мақал-мәтелдердің өзіндік ерекшелігі, олардың адамның бойына күш пен қайрат бітіретін қасиеті. Осы адам баласына беретін тәлім-тәрбиесінің молдығынан осы қазағымыздың мақал-мәтелдерін зерттеуге алып отырмыз.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстың іріктеу кезеңіне қатысқан 220 жоба авторының тек жартысы ғана сынақтан сүрінбей өтуі мүмкін. Жеңіске жеткендері 1,2,3-ші дәрежелі дипломдармен марапатталып, 25 желтоқсанда  он-лайн режимінде 2 кезеңнен тұратын республикалық сайысқа қатысатын болады.

 

Берік Қасен