Энергетика

Көз емдеуде жаңа қондырғы қолданылуда

 

Облыстық аурухананың офтальмологиялық бөлімшесі тағы бір жаңа қондырғымен жарақталды. Мына құрылғы көздің қырағылығын қалыпқа келтіріп, санаулы минуттарда ота жасауға септеседі. АҚШ-та шығарылған құралдың құны – 10 млн теңге. Нақ осындай фако-эмульсификаторды аурухана 2009 жылы сатып алған, ол айына 100 адамды дертінен айықтыруға көмектеседі. Емделушілер саны артқандықтан, биыл екіншісіне деген қажеттілік туған.

 

Жанна Лахтина, облыстық аурухананың офталмологиялық бөлімшесінің меңгерушісі:

-Жаңа қондырғы көз ауруларын тез анықтап, емдеуге септеседі. Қырағылықты жылдам қалыпқа келтіріп, емделушінің жуық арада оңалуына жәрдемдеседі. Барлығы компьютермен басқарылады, дәрігер арнайы бағдарламаларды таңдап, команда арқылы жұмыс істейді. Өте ыңғайлы.

 

Бұл бөлімше 35 адамға шақталған. Заманауи қондырғылармен жарақталған емдеу мекемесінің мамандары жылына 1200 ота жасапты. Жұмаш Құсайыновтың жасы 65-те. Бірнеше жыл бұрын оның қос жанарында катаракта анықталған. Оң жақ көзіне 2009 жылы ота жасалыпты, ал үстіміздегі жылдың 20-шы қарашасында сол жақ жанарын да дәрігерлер қондырғы көмегімен қалыпқа келтірген.

 

Жұмаш Құсайынов, емделуші:

-Операциядан кейін қазір реабилитациядан өтіп жатырмын. Жағдайым күннен-күнге жақсарып келеді.

 

Жалпы жыл басынан бері облыстық ауруханада 11 мыңнан астам адам ем қабылдаған. Мамандарға деген тапшылық та байқалмайды.

 

Юрий Белоног, облыстық аурухананың бас дәрігері:

-Аурухана мен ұлттық ғылыми-медициналық орталық ендігі жылдан бастап стационарлық медициналық көмектің қажеттілігін анықтау мақсатында жаңа пилоттық жобаға енеді. Оның нәтижесінде нақты стационарлық ем-домды қажет ететін науқастарға тиісті жәрдем көрсетілмек.

 

Емдеу мекемесі лизинг арқылы жаңа құрылғыларды алуды 2014 жылы жалғастырмақ. Оған 100 млн теңге қарастырылатын болады.

 

Мағжан Ахмадина